Алматыда магнолия ағашы гүлдеді

Субтропикалық өсімдіктің мегаполисте екі түрі жерсіндірілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сирек кездесетін сәндік ағаштың ашық қызыл түсті әдемі, нәзік гүлі көктемнің жаршысындай әсер қалдырады.

Биыл көктем Алматыға асығар емес. Сәуір болса да, ауа райы тәуір болмай тұр. Алайда табиғаттың тіршілігі тоқтамайды. Жердің тоңын жарып шығатын бәйшешектен кейін, ағаштардың алғашқысы бүр жарып, гүл ашты. Айнала әлі де сұрғылт тартып тұрғанда, магнолияның хош иісті, ерекше гүлдері анадайдан көз тартады. Тұрғындар сұлу көріністі таспалап үлгеруге асық.

Нәзипа Бұралқиева, қала тұрғыны:

– Суретке түсірейін деп келдік. Сондай ағаштар Алматыда көп болса, жақсы болар еді. Өзгеше, гүлдері әдемі.

Нұрсұлтан Нұрмаханов, қала тұрғыны:

– Бізде барлық жерде көріне бермейді. Мысалы, біз Еуропада болған кезде әр жерде өсіп тұрады, әр үйдің қасында болады. Осында Алматыда да көргіміз келіп, осында келіп отырмыз.

Субтропикалық өсімдіктің Алматыда екі түрі жерсіндірілген. Кобус және жұлдызша сұрыптары суыққа төзімді, әрі климатқа тез бейімделеді. Бір ерекшелігі, магнолия бірінші гүлдейді, содан кейін ғана жапырақ жаяды. Сәндік өсімдіктің қанық жасыл түсті жапырағы да айналасына ерекше көрік береді дейді мамандар.

Айнагүл Ишаева, ботаника және фитоинтродукция институты дендрология зертханасының кіші ғылыми қызметкері:

– Ботаникалық бақта магнолия ағашын 90-жылдардан бері жерсіндіріп келе жатырмыз. Оның ішінде жұлдызды магнолия, магнолия кобус деген түрлері Алматы қаласында өздерін жақсы сезінеді, гүлдейді, жақсы жерсінген. Екі аптадай гүлдейді. Сосын жапырақ тастайды, гүлдері ақырындап азая бастайды.

Магнолия ағашын Алматы аулаларында бірен-саран кездестіруге болады. Негізінен, ботаникалық бақта және Орталық демалыс саябағында өсіріледі.

Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев