Қалбатау - Майқапшағай жолының құрылысы неге сылбыр?

Ұзындығы 415 шақырым болатын Қалбатау-Майқапшағай тас жолын қайта жаңғырту баяу жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар жөндеу жұмыстары сапасыз екенін айтады. Салдарынан жұрттың көлігі жиі бұзылып, шаңы аспанға бұрқыраған айналма жолдан мезі болған. Тапсырыс беруші компания мен мердігерлер кінәні карантин мен қаржылық қиындықтан көреді. Жолға жауаптылар кемшіліктер жойылып, жұмыс мерзімінде аяқталады деп сендіреді.

Қалбатау-Майқапшағай тас жолының Еуропа мен Қытай арасындағы халықаралық маңызын былай қойғанда, Шығыс Қазақстанның 150 мыңнан астам халқы қатынайтын күретамыр екенін атап өту керек. Соңғы жылдары мұнда қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Қазір күннің жылынуына байланысты Көкпекті және Күршім аудандарын жалғап жатқан Бұқтырма су қоймасының үстіндегі мұз өткелі уақытша жабылған. Енді паром шыққанша бір айдай уақыт бар. Сондықтан күршімдіктер 400 шақырым айналма болса да Зайсан арқылы айналып жүруге мәжбүр. Мұның өзі бұл жақтағы көлік ағынын одан әрі арттырары сөзсіз.

Жанарбек Томалай, Күршім ауданының тұрғыны:

– Семейден Күршімге кетіп бара жатырмыз. Трасса салынып біткен жоқ, айналмамен жүріп жатырмыз. Осымен ең жоқ дегенде 24 сағат жүріп әзер жетеміз. Семейден ағаш тиеп шыққанбыз, осы жерге сағат 2-де келіп, сынып отырмыз далада. Доңғалақ тоқтатпайды, қазір жолдың бәрі доңғалағы жарылған көлік. Қыста көрдіңіз бе, жауған қар шұңқырлардың бәрін бітеп қалады да білінбейді. Ал жазғытұры шұрық-шұрық тесіктердің бәрі шығып жатыр. Грейдермен бір рет қырып жіберген болса, ол тегіс болады ғой, олай қырылмаған. Тезірек жол бітсе, халыққа жақсы болар еді.

Ал Зайсан қаласынан Өскеменге қатынайтын автобус жүргізушілері көліктерінің жиі сынып, қосалқы бөлшек ауыстырудан шаршағандықтарын айтады.

Құрманбек Тұрғамбаев, автобус жүргізушісі:

– Шаң, топырақ елдің салған жүгін басып қалады. Жаңа да келіп өкпелеп жатыр, неге шаң, біз ақшасын төлеп отырмыз дегендей. Жазда тағы айналма жол қосылатын болса, 12 сағатқа дейін жүреміз.

Жол бойынан шынымен де дөңгелегі жарылып немесе бұзылып тұрған көліктерді жиі көруге болады. Тұрғындар жұмыстың сылбыр жүріп жатқанына наразы.

Түсіпхан Мұсанов, Зайсан ауданының тұрғыны:

– Көлік доңғалағы жарылып қалады, осы көрген күніміз. Жол кепті, жер ашылды. Жасап жатқан адам баласын көріп жатқан біз жоқ. Әр жерді шұқып, біреулер жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, әлі 5 жыл жасайды мына жолды. Сенбеймін, бір-ақ жылда жасап бітіреді дегенге.  

415 шақырымдық жолды салумен қытайлық және қазақстандық компания айналысып жатыр. Өкінішке қарай соңғысының жұмысында шалағайлық көп. 3 жылда 80 шақырымға ғана асфальт төселіпті. Жоспардағы 18 көпірдің тек бесеуі ғана салынған.

Мұрат Байжұманов, жобаның бас инженері:

– 204 шақырым жолдың сметалық құны 77 миллиард теңге, қазіргі кезде орындағанымыз 16 миллиард теңге немесе 21 процент қана. Енді жұмыс керемет өтіп кетті деп айта алмаймыз. Негізгі мердігеріміздің жұмысқа шалағайлығы, бір жағынан техникасы, қаржысы жетпеуіне байланысты осындайға жеттік. Жұмыстың орындалу бағытын мердігермен, тапсырыс берушімен, технодзормен келісілген.

Жол салу жұмыстарының кестеден кешігуіне былтырғы қауіпті індеттің өршуі мен маман тапшылығы да әсер етіпті. Жобаның толық аяқталу мерзімі – 2022 жылдың 7 маусымы. Биыл жыл соңына дейін негізгі жұмыстар аяқталуы тиіс.

Ерлан Қалымов, «Қазавтожол» ҰК АҚ ШҚО филиалының директоры:

– Консорциумдағы жетекші рөл атқаратын «Синь-Синь» компаниясының басшыларымен келіссөздер жүргіздік. Олармен ақылдаса келе, орын алған олқылықтарды жойып, кестеден қалған тұстарды қуып жетуді мақсат етіп отырмыз. Яғни жыл соңына дейін межеленген жұмыстар толық аяқталады деген сенім бар.

Қалбатау-Майқапшағай тас жолын қайта жаңғыртуға «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 157 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның жартысына жуығы игерілген. Жоба аясында мыңға тарта адам еңбекпен қамтылып, 600-ден астам адам техника жұмылдырылады.

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы