Күннің батысымен Тараз қаласы тас түнекке енеді

Тараздықтар көше жарығына шағымданып отыр. Тұрғындар қараңғы түсісімен далаға шығудан қалған. Ал балаларын мүлдем сыртқа жібермеуге тырысады. Айтуларынша, тас түнек көшелермен жүру қорқынышты. Қазір облыс орталығындағы 1330 көшенің тек 209-ында ғана жарық шамы орнатылған. Жарықтандыру проблемасын біршама шешуге бағытталған «Ақылды жарықтандыру» жобасы да тоқтап, жүзеге аспай тұр. 

- Свет жоқ міне! 6 микрорайон. Сейфуллина. Қараңғы. Пешеходтан адамдар өтсе көрмейсің ғой. Міне мысалы, пешеход. Адамдарды көрмей қаламыз свет болмаса.  

Тұрғындардың көше жарығының жоқтығына шағымданып түсірген мұндай видеолары әлеуметтік желілерде жетіп артылады. 

Жұрт ықшам аудандар мен жекелеген көшелердің қараңғылығына наразы. Мәселен, Дулати қиылысында көше жарығы мүлдем жоқ. Болған да емес. Тұрғындар мәселені ұзақ жылдан бері көтеріп келеді. Талай рет айтып шағымданса да нәтиже шықпаған. Жауапты мекеме халық өз қалталарынан ақша шығарған жағдайда ғана орнатып беруге келіскен көрінеді.

Наталья Леонтьева, қала тұрғыны:

- Жарық туралы сұрай қалсаң айтаптындары: «15-25 мың теңге жинаңдар! Жарық қойып береміз» дейді. Бұл қалай болғаны? Кеш түсісімен мұнда түк көрінбейді. Балалар мен қарияларға алаңдаймыз. Кейде бұл көшеде көліктер жарықсыз жүреді. Қауіпті ғой!  

Ильдар Ибатуллин, қала тұрғыны:

- Біз жарықпен қамтамасыз ететін мекемелердің бәріне барып шықтық. Прокуратураға дейін шағым жаздық. Барлығы нәтижесіз. Айтатындары «қаражат жоқ»! Қаржы болған кезде келесіңдер дейді.   

Анықтап көрсек, қаладағы 1300-ден астам көшенің жартысының жартысы да жарықтандырылмаған болып шықты. Тараз бойынша қазір бар-жоғы 209 көшеде ғана жарық бар. Әкімдік проблеманың барын біледі. Бірақ оны шешуге дәрмен жоқ. Бұл бағытта бюджеттен қаражат қарастырылмаған көрінеді. Шаһарды жарықтандыру мәселесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы шешу туралы шешім қабылданған. Алайда бұл жоспар нәтижесіз болып тұр. 

Асхат Есенәлиев, қала әкімінің орынбасары:

- Ол жұмыстарды биыл жалғастыра алмай отырған себебіміз қазір сот процестері жүріп жатыр ол компаниямен. Өйткені ол компания сол жұмыстарды бастардың алдында өздерінің жобалық-сметалық құжаттарын толығымен бекітпеген. Көп жұмыстар қалып кеткен. Бүгінгі таңда ол жұмыс тоқтап тұр.

Қаладағы жарығы бар деген 209 көшедегі 14 500 жарық шамының 11 мыңын компания ауыстырып үлгергенге ұқсайды. Алайда мұнымен мәселе шешілмек түгілі орнынан да жылжымаған. Бір сөзбен айтқанда, жарықтандыруды мойнына алған компаниямен соттасып бітпейінше Тараздағы бұл проблема шешілмейді. Қазір бүкіл қаланы жаппай жарықтандыруға бағытталған «Ақылды жарықтандыру» жобасы тоқтап тұр. Қаланың жарығын компьютермен бақылап, бір жерден басқаруға мүмкіндік береді деген жобаның болашағы бұлыңғыр.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә