Елорда әлемдегі ауасы ластанған отыз қаланың қатарында тұр

Еліміздің астанасы әлемдегі ауасы ластанған отыз қаланың қатарына енді. Бұл туралы  ай-кю-еәр онлайн-платформасында жарияланды. Қалалар тізімі бойынша астана 21,9 микрограмм көрсеткішімен ауасы лас қала ретінде тіркелді. Елде өнеркәсіп пен өңдеуші кәсіпорындар, жылу-энергия орталықтары мен  көлік түрлерінің саны артқан сайын ауа ластанып, ауруға шалдыққандар саны артып келеді. Жыл сайын ауаға бөлінетін улы газдар көбейіп келеді.

Ауаның ластануы денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Яғни өкпенің ісігі, инсульт, астма секілді аурудың асқынуына себеп болады. Мәселен, көмірдің түтінінен ауаға күкірттің еселенген тотығы таралады. Салдарынан тыныс жолдары бұзылып, аллергияға әкеп соқтырады. Алматы қаласының тұрғыны Закир 5 жылдан бері аллергиямен ауырады. Ол маусымды дәрі қабылдап, аллерголог маманының кеңесіне жүгінеді.

Закир Гаваев, қала тұрғыны:

- Шетелге іссапарға барсам, аллергиям кетеді. Ал Алматыға оралған кезде, көзім, мұрным және денем дуылдап қышып, қып-қызыл болып қызарады. Жөтел пайда болып, терім бөртеді. Денем ісініп, тамағым аурады. Бірден дәрігерге жазылып, емделемін. Үнемі дәрі ішіп жүруім тиіс.

«EnergyProm» агенттігінің мәліметінше, елдегі атмосфералық ауаның ластануынан үш жыл ішінде қатерлі ісікпен ауыратындар саны 14%-ке өскен. Елімізде өздігінен ем алып, ауруды асқындырып алатын жағдайлар жиі кездеседі дейді дәрігерлер. Аллергияны тез арада емдемесе, демікпеге айналып, кеселді күшейтеді. 

Мереке Мұстафина, дәрігер-функционалист:

- Аллергия қазіргі санда үлкендер және балалар арасында өсіп келеді. үлкендер арасында 2 пайызға дейін, балалар арасында 3 пайыз. бронхтардың шырышты қабатына өткеннен кейін ісіктік үрдісті шақырады. ол аллергиялық ауруларға алып келеді. Дер кезінде скринингтер өтіп отыру керек. жылына бір рет өкпесін ренгтген жасау қажет.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Елдегі өндіріс мекемелері жыл сайын үш миллион тоннаға жуық көмір жағады. Ал бір ғана көліктің улы газынан 1 миллион тоннадан астам зиянды зат шығарылады.  Ауаның ластану салдарынан респираторлық ауруларға шалдыққандар көбейді. 

Қазір астанадағы 160-тан астам жеке үй газға қосылған. Ал қалғаны әлі көмір жағып отыр. ТЭЦ-1, ТЭЦ-2-ні қосқанда 40 мың тоннаға жуық улы қалдық жиналады,-дейді экологтар.

Лаура Маликова, тәжірибеші экологтар қауымдастығының төрайымы:

- Ауаның ластанып тұрғаны үлкен қалалардағы жылу қазандықтарында көмірдің жағылуы. Әр көмірдің өзінің көрсеткіштері болады. Мысалы 40 пайызы қатты бөлшектер. Еліміздің солтүстік, шығыс өңірінде көмірден газға көшуіміз керек. Елордадағы шағын аудандардағы жеке үйлердің көмірден газға көшіуін тездетуіміз керек.  

Экологтар атмосфераның ластануын төмендету үшін жеке меншік үйлерді газдандыруды жеделдетіп, коммуналдық және қоғамдық автокөліктерді табиғи газға көшіру керектігін айтады. Транзиттік көліктердің жүруіне шектеу қою жағын қарастыру да ұсынылып отыр.

Авторлар: Наргиз Бекмағанбетова, Асхат Қарақойшиев