Емханалардың алдында егу жасайтын уақытша орындар жасақталады

Бүгінгі таңда барлық емханаларда, барлық екпе жасайтын кабинеттерде, процедура жасайтын кабинеттердің барлығында осы екпе жұмыстары ұйымдастырылған.

Бұл туралы брифинг барысында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният хабарлады.

«Сонымен бірге халық көп шоғырланбауы үшін әрбір күнге учаскелік дәрігерлер арқылы екпе аламын деген азаматтарды өзінің кезек-кезегімен, өз уақытымен емханаларға шақырылып жатыр.

Қазір вакцинаның көп мөлшермен келуіне байланысты емханалардың алдына уақытша егу жасайтын орынды жасақтаймыз. Қазір министрліктің тарапынан уақытша егу жасайтын орындарға талаптар әзірленіп жатыр. Ол бұйрықпен бекітілетін болады. Ол бұйрықты барлық жерлерде қалаларда, көбіне адамдар көп шоғырланған қалаларда, емханаларға, емханалардың алдына, медициналық ұйымдарда жасалатын болады. Үлкен мегаполистарда, халық көп шоғырланған сату орталықтарында да орналастырамыз, – деді Ажар Ғиният.

Вице-министрдің айтуынша, вакцинаның тұрақты салқын контейнерлерде жеткізіліп, сосын медициналық қызметкерлер үшін екпе жасайтын жер, ол екпеге дейін дәрігерлер жасайтын орын, содан кейін 30 минут қандай да бір жанама әсердің болуын не болмауын күтетін жер әзірленеді.

Ауылдық жерлерде амбулаториялар, медициналық пункттер, аудандық емханалар бар жерлерде жасалады және жылжымалы көлікпен жер-жерге барып осы екпелер салынатын болады.