Екпе алғандардың 0,8%-інде дене қызуы уақытша көтерілуі мүмкін – Цой

Айдың соңына дейін 2 млн азамат вирусқа қарсы екпе салдыра алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл вакцина қабылдайтын халықтың 23%-і. Вакциналаудың алғашқы кезеңінде 217 мың адам егілді. Екінші кезеңде 80 мың адам вакциналаудан өткен. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидахуал мен екпе науқаны туралы есеп берді. Брифингте тағы не айтылды?

Мирлан Алтынбек, тілші:

- «Екпе алғандардың 0,8%-інде дене қызуы уақытша көтерілуі мүмкін. Бұл қалыпты жағдай», - дейді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Оның айтуынша, індеттің таралу қарқынын бәсеңдететін бірден бір жол бұл вакциналау. Қазіргі уақытта жалпы жатын орнының саны 29 мыңнан асатын 276 инфекциялық стационар ашылды. Ондағы жүктеме көрсеткіші 36%. Министрлік ел бойынша әр стационарға мониторинг жүргізетін электрондық жүйе әзірлепті.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Аталған жүйе жатын орындарының санын уақытылы азайтуға немесе алдын ала толықтыруға мүмкіндік береді. Егер стационарлардың жұмыс жүктемесі 70%-ке жетсе, жатын орындарының қоры 51 мыңнан 60 мыңға дейін артады.

Қазіргі уақытта жансақтау бөлімдерінің жүктемесі 29%. Орташа статистика бойынша мың адамның ішінен 11-12 адам вирус жұқтырады. Бүгінгі таңда медициналық қызметкерлердің 40%-і, педагогтардың 17%-і, күш құрылымдарында 7,7%, медициналық-әлеуметтік мекеме персоналының 0,5%-і және өзге санаттардың 34%-і вакцина алып үлгерді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Халық көп шоғырланбау үшін әр күнге учаскелік дәрігерлері арқылы екпе аламын деген азаматтарды өзінің кезегімен уақытымен емханаларға шақырылып жатыр. Сонымен бірге қазір вакцинанын көп мөлшерде келуіне байланысты жылы жерлерде, емханалардың алдында біздер уақытша екпе салатын орынды жасақтаймыз. Қазір министрлік осы бойынша талаптарды әзірлеп жатыр.

Осы күнге дейін елде 259 мыңға жуық адам вирус жұқтырған. 228 мыңнан астамы жазылды. Індет жұқтыру жағдайларының 63%-і Нұр-Сұлтан, Алматы және Алматы облыстарына тиесілі. Мәселен, Алматы қаласында ақпан айында тәулігіне 100 адамнан вирус анықталса, сәуірде бұл көрсеткіш 600 адамға жетті. Елордада жұқпалы ауру белгісі күніне 500 адамнан табылады. Алматы облысында індет белгілері ақпанда тәулігіне 70 адамнан шықса, бұл айда 200 адамға жеткен.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Құдайберген Аймырза