Қостанайда үйлерге еріген қар суы кіре бастады

Қостанай қаласында үйлерге еріген қар суы кіре бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар қазір сорғыштармен қызыл суды далаға төгіп әлек. Мұндай көрініс жыл сайын қайталанады. Жұрт әкімдікке арық салуды өтініп талай хабарласқан. «Бірақ қала басшылығы құр уәдемен тойдырып келеді», - дейді шағым айтқан тұрғындар.

Александр Иванов апта бойы көз ілмей баспанасына қарай жылжыған судың жолын бөгеумен әлек. Бұдан нәтиже шықпағасын күніне екі рет су сорғышын іске қосады. Оның өзін 3 мың теңгеге жалдайды.

Александр Иванов, Екінші Қостанай шағын ауданының тұрғыны:

- Су әуел бастан аулада жиналған. Бір-екі күнде-ақ үйге кіре бастады. Қарапайым сорғыны пайдаланып көргем. Одан түк шықпады. Сөйтіп, қуаты әлдеқайда жоғарысын алуға тура келді. Суды таңертең сорып аламын. Бірақ түс ауа қайта жиналып қалады.

Екінші Қостанайда жерасты суы көтеріліп, алқаптардан еріген қар суы арнасын таппай, 40 шақты үйге кірген. Қазір көщелерге арнайы техникалар жұмылдырылып, күні-түні суды айдаумен жүр.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Былты Екінші Қостанай шағын ауданында жолдар жөнделіп, жаңадан асфальт төселген. Сонда тұрғындардың қуанышында шек болмады. Ал қазір халық осындай жөнделген көшелерді айналып өтуге мәжбүр. Себебі бәрін осындай шалшық көл басқан. Демек, жаз келсе, бұл аумақтарда шұрық-тесік пайда болып, апатты күйге айналары сөзсіз.

Шарасыз тұрғындар әкімдіктен көмек сұрайды. Әсіресе, қаланың солтүстік-батысындағы жаңадан бой көтерген шағын аудандар мен жеке секторларда жағдай ушығып тұр. Соңғы тәулікте 50-ге жуық өтініш келіп түскен.

Наурызбай Мусин, ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Қала құтқарушылары, жергілікті атқару органдары, «Қостанай-Су» жылу компаниясы сияқты коммуналдық мекемелер суды айдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бірінші кезекте әлеуметтік әлсіз топтарға, жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге жәрдемдесеміз. Мүмкіндікке қарай тұрғындардың зардап шекпеуі үшін әрекет етіп жатырмыз.

Қысы-жазы адамдар тұратын алты саяжайдың күйі де бақылауға алынды. Әзірге су үйлерге жақындаған жоқ. Көшелерді басқан. Бірақ кез келген уақытта адамдар қауіпсіз жерге көшуге дайын болуы тиіс.

Азамат Орынбаев, ТЖД басшысының орынбасары:

- Су тез ағып кету үшін орлар қазылды. Соның нәтижесінде су деңгейі біршама төмендеді. Құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Себебі саяжайларды мекен етіп жатқандар аз емес.

Болжам бойынша аймақта су тасқынынан қауіп осы демалыс күндері күрделене түседі. Оңтүстік аудандарда өзен-көлдердегі қар ери бастайды.

Азамат Орынбаев, ТЖД бастығының орынбасары:

- Сарыторғай, Қараторғай өзендері, Аманкелді, Жанкелдин аудандарының өзен-көлдерінде мұз қатып тұр. Солтүстік, орталық аудандарда су қар астында. Негізінен барлық жерді қар суы басқан.

Облыс бойынша 95 елді мекенді қызыл су шайып кетуі мүмкін. Тұрғындар мен үй жануарларына санақ жүргізіліп, қауіп туындағанда эвакуациялайтын орындар белгіленген. Үш мыңдай құтқарушы мен мыңға жуық техника сайланып, керек-жарақтар дайындалған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров