Алматы облысында 2025 жылға дейін 1700 шақырым жол жөнделеді

Бұл мақсатқа 150 миллард теңге бөлу көзделген, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Соның арқасында облыс аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың сапасы 95%-тік көрсеткішке жетті. Сәйкесінше, Жетісудағы туристік нысандарға келушілер саны да едәуір артады», - дейді мамандар.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Алматы облысына 300 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталып, әлемдік стандарттарға сай 568 шақырым автокөлік жолы салынды. «Алматы – Талдықорған» тас жолының бойындағы сервисті дамыту мақсатында арнайы кешендер салынып, жұмыс істей бастады.

Серік Мұқанұлы, жолаушы:

- Біз ұнағаннан кейін кіріп отырмыз ғой, жаңадан ашылды. Мынау заманауи дей ме, қазіргі керемет бір жанармай құю бекеті емес, демалатын орын сияқты жасалған. Рахмет осыны жасағандарға!

Әлемді жайлаған індетке қарамастан, Алматы облысында тек өткен жылдың өзінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 19 млрд теңгеге 500 шақырымдай жол жөнделді. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске асырылғалы бері 3,2 млрд теңгеге 100 шақырымдай жол жасалған. Бұл өңірдегі 240 елді мекеннің ауылішілік жолдарының сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.

Ғалымжан Дәрібаев, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Үлкен Алматы айналма жолына шығатын бізде 6 көше жоба жасалған. Соның бірі – Сайын көшесіндегі биыл құрылысы басталатын 6 шақырымдық жол. Республикалық бюджеттен 1 млрд теңге қаражат бөлінді биылғы жылы. 2025 жылға біздің облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланған.

Алматы облысындағы автомобиль жолдарын дамытудың 5 жылдық жоспарына сәйкес, алдағы жылы Сарыөзек-Көктал, «Қапшағай-Күрті» және «Күрті-Бурылбайтал» жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады. «Алматы – Өскемен» автожолының «Талдықорғаннан Үшаралға дейінгі» бөлігі биыл пайдалануға беріледі. Балқаш көлінің жағалауына апаратын ұзындығы 140 шақырымдық жол қайта жаңғыртылып жатыр. Ал Қайыңды көліне жеткізетін 12 шақырымдық жолды жөндеу жұмыстары жақында басталады. Аталған жобалар Жетісу жерінің туристік тартымдылығын айтарлықтай арттыра түсері сөзсіз. Өйткені Көлсай көлдері мен Шарын шатқалына тас жол төселгелі бері мұнда келушілер саны 2 есеге дейін өскен.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов