425,02 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Атырау облысында алты күнде 1,5 тонна балық заңсыз ауланған

  • 400
  • UPD: 23:43, 07.04.2021

Атыраулық инспекторлар алғашқы алты күнде 1,5 тоннаға жуық заңсыз ауланған балықты қолға түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Су маржандарының көктемгі уылдырық шашатын шағын қалт жібермейтін браконьерлерге тыйым болмай тұр. Әсіресе, Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасында өршіп тұр. Сондықтан Жайық–Каспий бассейнінде балық қорын қорғауға арналған дәстүрлі «Бекіре-2021» акциясы басталды.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Атырау балықшылары үшін биылғы көктемгі маусым берекелі болғалы тұр. Тартым басында су құзғындары мен шағалалардың жолы болған. Қыстай күткен қырманда балықшылар мен бірге олар да жылдық нәпақасын айырмақ. Биыл Жайық-Каспий бассейнінде 4,5 мыңнан астам балықшы 12 учаскеде кәсіптерін бастады. Әзір су салқын болғанымен, бастама жаман емес. Олар мемлекет бөлген 8 мың тонна лимитті орындауға кіріскен.

Қалекен Меделов, балықшы:

- Ұсақ балықтар келуде. Қарагөз, табан, сыла балықтары. Енді ауды тартқан сайын 100-200 келінің үстінде балық түседі. Бастамасы ғой, алға балық болады деген ойдамыз. Ау-қоржынымыз мол болып, жел оңынан туса, мемлекеттің бізге бөлген лимитін орындаймыз деп ойлаймын.

Балық басы көрінгелі браконьерлік те белең ала бастады. Кешегі бір тәулікте балық қорғаушылар өзеннен жүзге тарта иесіз ау шығарып, 437 келі балықты заңсыз айналымнан шығарды.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Түске дейінгі рейдтік шара кезінде инспекторлар Жайық өзенінен 30-ға тарта қытай ауын шығарды. Жалпы қытай ауы дегеніміз, бүгінде инспекторлардың бас ауруына айналып отыр. Оның бір қиыны, ол 50 жылға дейін су астында жатса да шірімейді. Сондай-ақ оған оратылған балық қанаты қайырылып, қабыршақтары сыпырылып түсіп қалады екен.

Еламан Хабибуллин, «Дамбы» инспекциялық бөлімшесінің басшысы:

- Ол жилковый болғандықтан, су астындағы балық болсын, немесе басқа да су жануарларына өте қауіпті. Сонымен қатар суда жүретін көліктерге де көптеген кедергі келтіреді.

Биылғы балық қорғау шарасы батыс өңірдегі үш облысты қамтып отыр. Оған балық қорғаушылардан өзге су полициясы, шекарашылар да жұмылдырылған. Инспекторлар айдын үстінде реттік шаралар ұйымдастырып балық жүретін жолдарды үнемі тазалап отырады. Балық қорғау шарасы басталған алты күнде 1,5 тонна балық заңсыз айналымнан алынса, екі браконьерлік су көлігі тәркіленген.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы