Атырау облысында балаға қол жұмсаған тәрбиешіге қатысты іс қозғалды

Атырауда тәрбиешілердің дөрекі қылығы тыйылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғаламторда тағы бір бейнежазба тарады. Желіде желдей ескен жазбада балабақша қызметкерінің бүлдіршінді басынан ұрып, шашынан сүйрегенін анық көруге болады. Халықтың ашуын тудырған жағдай мұнайлы өңірге қарасты Жылыой ауданы Қаратон кентіндегі бөбекжайда болған. Жергілікті білім бөлімі 21 жастағы тәрбиеші жұмыстан уақытша шеттетілгенін хабарлады. Істі тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Полиция департаменті бөбектерге қол жұмсаған қатыгез тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Гүлжансара Таңатарова, Жылыой аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазір енді тәрбиешінің тарапынан да, «Балдырған» балабақшасы меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы лауазымды қызмет тарапынан, әдіскерлер, жалпы барлық мүшелерінен жеке-жеке түсініктемелер алып жатырмыз. Жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Енді қазір қорытындысын шығару әлі ерте, себебі зерделеу комиссиясы жұмыстарын жүргізіп жатыр.