Ел өңірлерінде Қажымұқанның 150 жылдығы тойланып жатыр

Күш атасы десек, әлбетте Қажымұқанды еске аламыз.

Алаштың атын әлемге әйгілеген балуанның туғанына 150 жыл. Күш атасының мерейтойына орай күнгей өрендері боз кілемде белдессе, арқада адам таңқалар рекорд тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұла күші бойына сыймаған балпанақтай бала кезі келгенде құрлыққа аты танылған балуан болады деп ешкім ойламаса керек. Бала күнінде жалданып жұмыс істеген. Өсе келе күреске ынтық болды. Сөйтіп, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай жігіттердің өзін жығып жүрді. Көрші елдердің мықтыларын атып ұрды. Америкаға дейін барды. Ол жақта да қарсылас шақ келтірмеді. Содан не керек, жапонды да жықты, түрікпен де тіресті, қара құрлықтан келген қапсағай денелі балуанды да қамырдай илеп тастады.

Меруерт Ескермес, Қажымұқанның ұрпағы:

- Қажымұқанды әлем мойындады. Қалың елге қазақтың қайсар екенін көрсетті. Көпшілік күш атасы осы кісі деп еріксіз көнді. Арқадай алып атырапта туған алпамсадай жігітті бүгінгі буын ұмытпайды. Балуанның 150 жылдығына орай Отырарда қазақ күресінен облыстық жарыс өтіп жатыр. 200-ге жуық өрен өзара мықтыны анықтайды. Турнирді тамашалауға Қажымұқанның немересі Шаттық Айдарханұлы да келген.

Әбдіғали Жүнісов, Отырар ауданының әкімі:

- Бүгінгі басталып отырған жарыс Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдық мерейтойын тойлаудың басы, алғашқы іс-шаралары деуге болады. Сондықтан баршаңызды Қазақ халқын дүниежүзіне танытқан күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бүгінгі жарыс қазақтың ұлттың ұлттық өнерін, спорт түрлерін жастарға насихаттауда алатын орны ерекше деп есептейміз.

Ақмола облысында да балуанды еске алу шарасы өтті. Бірақ мұндағылар белдеспеді. Жаңа рекорд орнатып, естіген елдің есін екуеу, түсін төртеу қылып тастады. Қажымұқандай болсам деп жүрген жігіттер ғой. Біз білетін – Сергей Цырульников. Ол небәрі 37 секундта 4 бірдей тағаны түзеп тастады. Сенесіз бе, әрбірі салмағы 1 тонна болатын жүкті көтере алатын тағаларды әп-сәтте түзеп тастаған.

Қуандық Құдайбергенов, қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабының ресми өкілі:

- Калибрленген, мөлшері 8-ден 22 миллиметрге дейін. Түсінікті болу үшін айтайын, бұлголландиялық тағалар. Біз қолданатын тағалар емес. Олар әлемдегі ең мықты тағалар болып есептеледі. Бұған дейінгі әлемдік рекорд литвалыққа тиесілі. Ол бір минутта тек екі тағаны майыстырған. Бірақ біздің қазақстандық спортшы 37 секундта 4 тағаны майыстырды.

Бұдан да ауқымды қылып өткізуге болар ма еді. Пандемия қолды байлап отырған. Бірақ біз белдескеннің белін үзген, егескеннің есін шығарған Қажымұқанды есіл жұрты ұмыта салады дегенге сенбейміз. Ол әлем мойындаған Мұқан еді.

Авторы: Дастан Сейілханұлы