Шетелде еркін саяхаттау үшін екі сақтандыру полисін рәсімдеген дұрыс – туристік агенттіктер

Пандемия басталғалы әлемнің бірнеше елі қолданыстағы жүйеге ковид пен пневмониядан сақтандыруды енгізді.

Сақтандыру полисі бар адамдар 2 диагноз бойынша жеңілдікпен емделеді. Кей елдер сырттан келген туристерге де сақтандыру жүйесін іске қосты. Мысалы, Түркияда арнайы полисті әуежайларда онлайн рәсімдеуге болады. Былтыр пандемияның алғашқы толқыны басталғанда, отандық туристік операторлар да ковидтен міндетті сақтандыруды енгізген болатын.

Елімізде COVID-19-дан сақтандыру өткен жылдың сәуір айында басталды. Сала компаниясы 5 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаға полис рәсімдеген. Клиенттер ауруханаға түскен жағдайда қаржылық көмек алады. Компания бастапқы төлемдерін жасап үлгерген. Ең көбі Алматы мен Ақтау қаласында төленіпті. Ковидтен сақтандыру құны 5 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін барады. Ал туристік агенттіктер коронавирустан міндетті сақтандыруды енгізгенімен, шетелге саяхаттап барып вирус жұқтырғандардың ем ала алмай жүргені туралы ақпаратты жиі көз шалады. Одан бөлек, вирус жұқтырғандармен байланыста болғандардың да демалысы бұзылады.

Филипп Денисов, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мальдив аралдарындағы демалысымыздың аяқталуына 2 күн қалғанда бізге менеджер хабарласып, ұшақта бірге келген жолаушыдан коронавирус анықталғанын айтты. Ол адам сол елде жұқтыруы мүмкін. Біз тығыз байланыста болмасақ та, 14 күн карантинге жатқызды. Сол уақыт аралығында өзге елде өз қаражатымызға тұруға мәжбүр болдық. Міндетті сақтандыру аясына бұл қызмет кірмейтін болып шықты.

Диана Касьянова, туристік агенттік өкілі:

- Міндетті сақтандыру жолдама құнына кіреді. Ковидтің айқын белгілері болып, сырқаттың жағдайы ауырласа, сол полис арқылы емделеді. Міндетті сақтандырудан бөлек, қосымша еркін сақтандыру бар. Ол ешқандай белгісі жоқ, жеңіл түрі болғанда қолданылады. Қосымша полисті рәсімдеу ақылы. Оны 50 еуроға сатып алса, қайту билеті мен емінің шығындарын жабады.

Түсінгеніміз, шетелде еркін жүру үшін екі сақтандыру полисін рәсімдеген дұрыс. Туристік агенттік өкілінің айтуынша, қазақстандықтар сыртқа шығатын кезде 72 сағат бұрын ПТР тестін тапсырады. Онсыз ұшаққа отыра алмайды. Елге ораларда тағы тапсыру міндеттеледі. Егер тест оң нәтиже көрсетсе, шетелде карантинге жатуға мәжбүр болады. Агенттік арқылы шыққандар полисін қолдана алады. Операторлар жағдайын біліп отырады. Мұндайда өмірін сақтандырмай өз бетінше саяхатқа шыққандарға қиын.

Әнуар Тоқтаров, ҚР туризм және спорт министрлігінің өкілі:

- Египетте бір отбасы коронавирус инфекциясын жұқтырған баласын тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл жағдайды министрлік өз бақылауына алып, жағдайын біліп отырды. Соңғы тапсырған тест вирустың жоқ екенін көрсеткен. Елге оралуға дайындалып жатыр. Онда ковид симптомсыз болғандықтан, сақтандыру полисі шығындарды жаппаған. Тамақтануы мен емін Египет жағы жапса, билетін сақтандыру компаниясы төлейді.

Шетелде коронавирус жұқтырған туристің ұшақ билетінің құны бірден жойылады. Өзі 14 күн карантинге жатқызылады. Демалыс кешендерінде арнайы стационарлар жабдықталған. Жалпы, туристік агенттік өкілдері міндетті сақтандыру полисінің азаматтарды толықтай қорғауға қауқарсыз екенін айтады. Себебі шетелге шығатындар қосымша полис рәсімдеуге мәжбүр. Сондықта, міндетті қызмет аясын кеңейту керек дейді олар.