Грузия тұрғындары коменданттық сағатқа қарсы шықты

Грузияда тұрғындар мен туристерге коменданттық сағат ыңғайсыздық турдыруда.

Төрт ай бойы түнде үйден шығуға тыйым салынған еді. Бұған қарсылық танытқан Тбилиси мен Батуми қалаларының тұрғындары наразылық шараларын да ұйымдастырды. Нәтижесінде ел билігі шешімді қайта қарастыруға уәде берген-ді. Алайда індеттің үшінші толқынынан қауіптеніп, әлгі мәселені әзірше күн тәртібіне шығарған жоқ.

Грузияда коменданттық сағат былтыр қараша айында жарияланған болатын. Халық кешкі тоғыздан таңғы беске дейін үйінде отыруы тиіс. Ереже бұзғандарға 600 доллар көлемінде айыппұл салынады. Алайда бұған қарсылық білдірген Тбилисидің 200-дей тұрғыны күн батқанда көшеге шығып, наразылық шарасын ұйымдастырды. Олар коменданттық сағат пен айыппұлдардың күшін жоюды талап етті.

Нодар Рухадзе, қоғам белсендісі:

- Қоғам белсенділерін біріктірген ортақ мақсат – комендаттық сағатты алып тастау. Тыйымға қарамастан түнгі кезде шықтық және таң атқанша осында боламыз. Билік басындағыларға осындай айла-шарғысы өтпейтінін еске салу қажет. 

Алайда шерушілердің талабы жақын арада орындалар түрі жоқ. Себебі елде соңғы күндері коронавирусты жұқтыру саны күрт өсіп кетті. Егер наурыз айында күн сайын 500-дей науқас тіркелсе, қазір бұл көрсеткіш одан екі есе көп. 

Амиран Гамкрелидзе, Грузия аурулар мен қоғамдық денсаулықты бақылау жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы:

- Көптеген елде індеттің үшінші толқыны басталғанын білесіздер, біз де өкінішке қарай жаңа толқынның алдында тұрмыз. Мұны қалай тоқтата аламыз? Тек қатаң тәртіп арқылы – бәріміз ереже ұстануға тиіспіз, маска тағып, арақашықтықты сақтауымыз керек. Ал ең бастысы, халық көп жиналатын шаралар мен дүркіретіп той өткізбеу маңызды. Сондай-ақ вакциналауға белсенді қатысуымыз қажет. Сонда ғана шектеулер күшейтілмейді. 

Елдегі мектептер мен балабақшалар жабылды. Бір апта ғана ашық болған «Жас көрермен» театры жұмысын қайта тоқтатты. Эпидемиологтардың пікірінше, ауруды жұқтыру көрсеткіші одан әрі өсе берсе, үкімет шектеу шараларын қатаңдатуға мәжбүр болады. 

Юлия Тужилкина