Оралда жиһаз жасаушы кәсіпкер тұтынушыларды сан соқтырып жүр

Ол қызмет құнын алдын ала төлеуді талап етіп, қаражатты алғаннан кейін ұшты-күйлі жоғалып кетеді екен.

Алаяққа алданған адамдар былтырдан бері шыр-пыр болып, құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүр.

Айнұр Әлібекова былтыр мамыр айында ас үй жиһазын жасату үшін ғаламтордан жарнамаларды шолып шыққан. Сөйтіп бір компанияға хабарласып, тапсырыс берген. Сол күні пәтеріне келген шебер жиһаздың өлшемін алып, бағасын келіскен. Тек төлем мөлшерінің жартысынан көбін алдын ала төлеу керектігін айтыпты.

Айнұр Әлібекова, жәбірленуші:

- Ас үй жиһаздарын жасауға 190 мың алатынын айтты, бірақ алдын ала 120 мыңын алды. Содан кейін біз ол кісіні ұстай алмай отырмыз. Жиһазды да алған жоқпыз. «Әне келем, міне келем» деп бізді алдап жүрді. Содан кейін әрине, біз оның алдап жүргендігін түсіндік.

Былтыр Айнұр секілді тағы 13 адам дәл осы алаяққа алданып қалған. Жәбірленушілер тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне шағымданды. Тұрғындарды сан соқтырған «Самер» ЖШС басшысына қатысты материал сотта қаралып, кінәлі тұлғаға бүкіл жымқырылған қаражатты толықтай өтеу міндеттелген. Алайда...

Әйгерім Төлепова, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы:

- Тұтынушылардың өтініш-талаптарына байланысты жалпы соммасы 8 млн көлемінде ақша қайтару керек ЖШС басшысы. Бірақ әлі күнге дейін барлық көлемде ақша қайтарды деп айта алмаймыз. Тек қана 4 тұтынушыға ақша қайтарылды.

Алаяқтың арбауына түскен адамдар бір жылдан бері шығынды қайтара алмай әлек болып жүр. Сот орындаушылар кәсіпкерге төлем кестесін жасап берген. Ең сорақысы, әлеуметтік желілерде әлгі компанияның жарнамасы әлі де жер жарып тұр. Оңай олжаны көздеген «пысықайлар» залалды өтемек түгілі, құйтырқы әрекетін одан әрі жалғастыра бере ме деп алаңдайды тұрғындар.

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов