Елордада 36 кәсіпкерге 6 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан қаласы бір айдан бері «қызыл аймақта» тұр. Елордада күн сайын коронавирусқа шалдыққандар саны артып келеді.

Соңғы тәуліктің өзінде бас шаһарда 538 адамнан вирус анықталды. Оның басты себебі – сақтық шараларының сақталмауында дейді қаланың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова. Қазір 36 кәсіпкерге 6 млн теңгеден астам айыппұл салынып, олардың қызметі бір айдан алты айға дейін мерзімге тоқтатылды. Жалпы карантин талаптарын бірнеше мәрте бұзған нысандардың ісі әкімшілік сотқа жолданған. Сондай-ақ қаланың бас санитар дәрігері қала тұрғындарына оразаны оқшаулану жағдайында қарсы алып, бірлік мерекесін үйде атап өтуді сұрады.

Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері:

– Рамазан айының мұсылмандар үшін қасиетті, қадірлі ай екенін, көпшіліктің ораза тұтатынын жақсы түсінеміз. Бұл мерекеге сыйластықпен қараймыз. Дегенмен қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығы мен сырқаттанушылардың күрт артуына байланысты жағдайды одан бетер ушықтырмау үшін отырыстарды тек отбасы ортасында өткізуді сұраймыз.