Ішкі туризмге үлес қосып, кәсіп ашқандарға мемлекет тарапынан нақты көмек болады

Бизнеске құйған қаржысының бір бөлігі субсидияланады.

Сенат туризмді дамытуға бағытталған заң жобасын қабылдады. Яғни қолданыстағы 2 кодекс пен 9 заңға туризм мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Депутаттардың айтуынша, ішкі туризм тұралап тұр. Себебі қажетті инфрақұрылым жоқ. Жолдардың сапасы сын көтермейді. Заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар саланың дамуына бюджеттен ақша бөледі. Демалыс кешендеріне кіреберіс жолдарды салып, тас жолдардың бойындағы қызмет көрсету нысандарын жаңғыртуға көмек береді. Туристік агенттіктерге лицензия беру жеңілдейді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Біздің елімізде туризм саласын дамыту – маңызды мақсаттардың бірі. Бүгін қабылданған заң осы бағытта кешенді заңнамалық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес қаржылай қолдау тетіктерінің де ауқымы кеңейді. Олардың қатарында инвестициялық жеңілдіктер, туристік қызметті ынталандыру, сырттан туристер әкелетін туроператорлардың шығындарын субсидиялау сияқты басымдықтар бар. Бұл заң саланың дамуына өз үлесін қосады деп сенемін.