СЖҚІҚА-ға Түркістан облысының білім беру мекемелеріне қатысты бірнеше шағым түскен

Егер мемлекеттік орган басшысы өз қарамағындағы қызметкерлерге жемқорлыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе айыппұл төлейді.

Ал саяси қызметші болса жұмыстан қуылады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында Агенттік Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мәлімдеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қол қойған әкімшілік заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға басымдық беру қажеттігіне айырықша тоқталды.

Комиссия отырысында Агенттік Төрағасының кеңесшісі Жазира Жақсылыққызы әкімшілік заңнамаға енгізілген түзетулердің негізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыреттілігі кеңейгенін айырықша атап өтті. Жаңа заңнамаға сәйкес, қарамағындағы қызметші сыбайластыққа бейім болса, ол үшін тікелей бірінші басшысы жауап беретінін жеткізді.

Жазира Жылқышиева, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі:

– Мемлекеттік орган немесе квазимемлекеттік орган басшылары жұмысқа бұрын жемқорлықпен жазасы бар азаматтарды алса, 291 мың 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді бірінші басшы. Заңсыз кәсіпкерлікке араласу, жеке немесе заңды тұлғалар сыйақы беретін болса, айыппұл салынады. Осындай 15 бап бойынша осы мемлекеттік орган басшыларына жауапкершілікті арттыру бойынша тағы ескертік.   

Сондай-ақ Агенттікке Түркістан облысының білім беру мекемелеріне қатысты да бірнеше шағым түскен. Ол мұғалімдерге сағаттың дұрыс бөлінбеуі, еңбекақы мен еңбек демалысына төленетін қаржының кешіктірілуі және балабақша тәрбиешілерінің жалақын уақытында ала алмауы сынды өзекті мәселелер. Аймақ басшысы бұл проблемаларды өз назарында ұстайтынын жеткізді. Сонымен қатар жиында «Парасат жолы» жобасының тиімділігі түсіндірілді.

Сәдібек Түгел, республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі:

– Оның негізгі мақсаты – жемқорлыққа қарсы, зиялы қауімды, ақын-жазушыларды жұмылдыру, елді жемқорлыққа қарсы төзбеушілікке дайындау. Жемқорлықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Жас ұрпақты жемқорлықтан жиіркендіру.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық факторларын анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторлардың жұмыс тәртібіне талдау жүргізіледі. Ішкі талдауды ұйымдастыруға басшылық құрамнан жауапты тұлғалар айқындалып, жұмыс тобы құрылады. Олар талдау жүргізіп, қортынды ақпаратты жауапты мекемелерге жолдауы тиіс. Сондай-ақ жиын соңында көлеңкелі экономикаға және салық төлеушілер мен кеден бекеттеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш