433,40 515.14 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-ның Шолпан ауылында өзеннен құм бейберекет алынып, экологияға зиян келді

  • 64
  • UPD: 19:54, 08.04.2021
ШҚО-ның Шолпан ауылында өзеннен құм бейберекет алынып, экологияға зиян келді

Шолпан ауылының тұрғындары жол салушылар өзен арнасынан заңсыз құм алып, экологияға орасан зиян келтірді деп наразы. Енді су тасыса, қауіп күшеймек. Өйткені жағалауды бей-берекет қазіп тастаған. Осыдан бір жыл бұрын бұл туралы халық қанша жерге шағым жазса да нақты шара қолданылмаған.

Айта кетерлігі, өңірде бірнеше жылдан бері Талдықорған-Өскемен республикалық тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

1300-ден астам тұрғыны бар Шолпан ауылы қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан Алматы-Өскемен тас жолының бойынан 3 шақырымда орналасқан. Былтыр ауыл әкімдігі және тұрғындар мердігер компаниялардың бірімен меморандум жасады. Келісім бойынша жол салушылар Қарақол өзенінің арнасын кеңейтіп, артылған құмды ауыл ішіндегі көшелерге төсеп беру керек болған.

Алайда тұрғындардың сөзінше, мердігерлер асыра сілтеп, өзен арнасын бейберекет қазып тастаған. Тіпті ешқандай рұқсатсыз құмды жол құрылысына пайдаланбақшы болған.

Амантай Өтеулина, Шолпан ауылының тұрғыны:

- Бір жыл болды жазбаған жеріміз жоқ. Аудан прокурорына жаздық, ол қолма-қол жан-жаққа экология, тағы да тиісті органдарға, бәріне хабар жібердім деп қолымда хат тұр. Бәріне жазған. Бірақ еш жерден бір де бір адам, бір жыл болды, бұл не шу, не айқай деп бір де біреуі келіп бір сұхбат алып таныспады. Экологиядан маған хат келеді, бәрінен ешқандай құм алынған жоқ, ешқандай бүлінген нәрсе жоқ бәрі орнында деп өзімді мазақ етіп, жауап келеді ылғи да. Бүлдіріп кете бере ме, кім жауап береді осыған, қайда барамыз? Мұның барлығы коррупциялық іс, кім алды құмның құнын бізге берсін. Зиянкеске айыппұл салынсын! Әсіресе құмды алмаймыз дейді, алмаса осы жерге біз үйіп бер дедік пе, біз бүлдір дедік пе?

Қазір өзен арнасын қазу жұмыстары тоқтатылған. Дегенмен, бейберекет бақылаусыз атқарылған жұмыс ауыл тұрғындарына әсіресе көктемгі су тасқыны кезінде қауіп төндіріп тұр.

Оңғарбек Тұрарбаев, Шолпан ауылының тұрғыны:

- Бітпеген шаруамызды ауданның алдына мәселе қойғанбыз, мына зираттарды алып бара жатыр, не істейміз деп. Аудан әкімі марттың 16-сы келіп, 19-на дейін келіп осы шаруаны бітіреміз деген. Кешелі бүгін комхоздан трактор келу керек болған, ол трактор да жоқ, ешкім жоқ, сонымен осы тұрмыз. Улап шулап жүрген кісілерден басқа әкім немесе басқа мамандар келіп Шолпанның қамын ойлап тұрған ешкім жоқ. Су тасымай тұр ғой қазір, су тасыса бізде қауіп бар.

Қазір мердігерлермен меморандум жасаған ауыл әкімі қызметінен кетіпті. Ал бас мердігер заңсыз әрекетке барған қосалқы мердігермен арадағы келісім-шартты бұзып, оны жобадан шеттеткен.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Қарақол арнасынан қазылып алынған 50 текше метр құм міне осы. Таудай болып үйіліп жатқан құрылыс материалдарын оның заңды құжаты болмағандықтан бас мердігер де, тапсырыс беруші мекеме де, сапаны бақылаушы мамандар да жол құрылысына пайдаланбаймыз деп шешкен. Оның ендігі тағдырын жергілікті тұрғындар мен әкімдік шешеді.

Шамшат Сейдахметов, жобаның бас инженері:

- Бұл негізі 2020 жылы қыстыңгүні, жұмыс тоқтап тұрған кезде бұл жерде ешкім жоқ болған кезде дайындалған құм. Оны біз қабылдап алған да жоқпыз, негізі жобаға сәйкес емес болғандықтан біз бұның аұшасын төлей де алмаймыз. Өзеннің арнасына тазалаймыз деп, көмектесеміз деп дайындалған құм, бірақ біздің жобаға сәйкес келмейді. Сондықтан өткізе алмаймыз мұны. Негізі бұл жұмыс кестесіне бөгет болмауы керек, қазір тағы бір карьер ашылып жатыр, бас мердігер соны заңдастырып жатыр.

Бұл жобаның тапсырыс берушісі «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы да, бас мердігер мекеме өкілдері де жергілікті халықтың өтініштері мен ұсыныстары жерде қалмайды деп сендірді. 

Ерзат Баймұхаметов, Шолпан ауылдық қоғамдастығының төрағасы:

- Құм болашақта бейберекет қалмайды, оны бір нәрсеге пайдаланамыз деп есептейміз. Қауымдастық жиналыс ашып келісеміз бір мәмілеге келеміз ол жаңағы мердігер компания кісілері бізбен бірге жиналысқа қатысып, өздерінің көмектерін беретінін айтты. Мал өткізу нүктелерін кішкене ертерек ауылымыздың оңтүстігіне қарай алысырақ жерге жасап жіберген де бізге негізі ыңғайлысы тура ауылға шыққан бетте күре жолдан. Өткені күре жол жаңадан жасалып жатқаннан кейін машиналар да қатты жалдамдықпен жүреді. Ол бәріне қауіпті, тек ғана малға емес. Сондықтан малдың тура өтетін жерлерін белгілепорындарын ауыстырып берсе дегенбіз, ол кісілер қанағаттанарлық бізге жауап берді деп есептеймін.

Асылбек Нұғыманов, «Қазавтожол» ҰК АҚ ШҚО филиалы жетекшісінің орынбасары:

- Шолпан ауылы халқымен кездесуі бойынша шешімге келдік, жаңадан меморандум жасап осы мына ауылдың ішіндегі көшелерге ремонт жасау, кіреберіс жолды жөндеуге жоспарлап отырмыз. 

Тас жолды қайта жаңғырту жұмыстары кесте бойынша келесі жылы аяқталуы тиіс. Алайда мердігерлер жобаны биыл күзге дейін тиянақтап, іске қосуды жоспарлап отыр. 

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы