Петропавлда қыс бойы қардан тазаланбаған көшелер көлге айналды

Петропавлда көшеге су жайылып, тұрғындардан маза қашты. «Солнечный 2» шағын ауданы қыс бойы тазартылмаған екен. Енді тау боп үйілген ақ ұлпа еріп, аулаларды суға толтырды. Қазір коммуналдық қызмет күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеп жатыр.

Қала іргесінде тұратын халықты еріген қар суы әуре-сарсаңға сала бастады. Жылда көктемде тұрғындардың көретіні осы. 

- Сделайте нам ливневки. Сделайте нам нормальные условия. Если вы уже выдали ключи.   

Ия, бұл жаңадан бой түзеген «Солнечный 2» шағын ауданы. Соңғы бірнеше жылда мұнда 200-ден астам баспана бой көтерді. Алайда құрылыс жұмыстары әлі толық аяқталмағандықтан ауданның екінші жағында суағар салынбапты. Салдарынан қар суы жайылып жатыр. 

Ольга Денисова, қала тұрғыны:

- Көлігімізді көшеге тастап, үйімізге жаяу барамыз. Себебі саз батпақ. Ең бастысы, арам суға арналған құдықтар толып қалмаса болғаны.   

Әзірге қанша ауланы су басып қалғаны жөнінде нақты ақпарат жоқ. Көптен күткен баспаналарына жақында ғана қол жеткізген тұрғындар су үйге кіріп кете ме деп алаңдайды. 

Олеся Канакина, қала тұрғыны:

- Көшенің шетінде шағын су өткізетін құбыр бар. Ал ол қардың астында қатып жатыр. Сәйкесінше ешқайда кетпеген су жайылуда. Тіпті болмаған соң әкімдікке хабарласып көмек сұрадық.  

Қазір коммуналдық қызметшілер мұнда арықтарды тазалап, су сору жұмыстарымен айналысып жатыр. 

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл ауданның жобасында суағарлар салу жоспарда болмаған. Дегенмен, біз былтыр шағын арықтар орнаттық. Бұл жұмыстарды енді биыл да жалғасатын болады. Осылайша болашақта мұндай мәселе болмайды. 

Айта кету қажет, аталған үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған.

Авторлар: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Сондай-ақ...