429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтандағы Қоянды елді мекенінде жұрт тобықтан су кешіп жүр

  • 92
  • UPD: 23:17, 08.04.2021

Елорда маңындағы Қоянды ауылында 2 үй мен оннан астам аулада су көлкіп тұр. Мамандар таңнан іске кіріскен. Бірақ еріген қар суының деңгейі төмендер емес. Тобықтан келеді. Тіпті Қоянды тұрмақ қазір елорданың өзінде жағдай алаңдарлық болып тұр.

Бұл таудан емес, Қоянды көшелерінен аққан су. Жылғалап ағып жатыр десек қателесеміз. Ауылдың орталық көшелерін бетке алып, жолындағы бар дүние-мүлікті жайпап барады. Тұрғындар болса тобықтан су кешіп жүр. Балаларға тіпті қиын. Күні ертең сырқаттанып қалмасына кепілдік жоқ.

- Балалар шарбақ жағалап жүреді.

Қоянды тұрғындарының көбі жағдайды осылай терезеден бақылайды. Есіктерін ашса, су кіреді. Қабырғаларын сыз басқан. Үйді жылытатын пеш те істен шығыпты. Оны да еріген қар суы басып қалған.

- Қалай шығам, ұлдар садикке бара алмай жатыр. Топканы су алып кеткен. Әкім мына жерге арық қаздырам деген, әлі жоқ.

Төтеншеліктер жағдайды бақылауда ұстап отырмыз деді. Біз жүрген аумақтан тікұшақ ұшып, төңіректі бір бағамдап шықты.

Мамандардың айтуынша, ауылда еріген қар суы әлі де көп. Техника тазартып үлгірмей жатыр. Демек, қауіп әлі сейілмейді. Бүлінген дүние-мүліктің жайы белгісіз. Шығынды кім есептейді? Баспанасыз қалғандар қайда барады? Әзірге ешбір органнан жауап жоқ.

Дариға Биғали, Қоянды ауылының тұрғыны:

- Перизат деген жесір келіншек бар. 21 баласымен қайда кеткенін білмейміз. Мына су осылай алып жатса, жесір әйелдерге обал енді. Бізге енді жеңіл. Үкімет жағы соларды қарастырса, бізді енді бала-шағамыз бар, Құдайға шүкір.

Бұл маңда бұрын үйлер болмаған. Еріген қар суы төңіректен өзі жол тауып, тоғанға қарай бағыт алатын. Ал қазір маңайда үйлер көп.

Бақытбек Оспанбеков, Целиноград ауданының әкімі:

- Осы көшелерге жол салынады. Жердің деңгейі көтеріледі. Қаржы бөлінген. Алғашқы транш бойынша 200 млн теңге қарастырылды. Тағы екінші деңгейлі банктен қаржы бөлінеді. 

Ал бұл елорданың сол жағалауы. Мұнда да еріген қар суы әбігерге тұрғындарды салып жатыр. Қала көшелерінде көлік түгіл, адам аяғын алып жүру мүмкін емес.

- Мұны жол деп айтуға келмейді. Үйіме жете алар емеспін. Паркингке кіретін жол балшық боп иленіп жатыр. Әйелім жүкті. Жедел жәрдем шақырсам келмейді.

- Мүлдем астанада тұрып жатқанымды сезіне алмаймын. Өйткені бұл шеттегі ауылдардан да арман. Ауылдың жолы түзу. Біз мысалы, көлді кешіп келдік. Аяқ киім, шалбарымыз бүлінді. Енді біз қазір жұмысымызды бітіруге шығып бара жатырмыз. Біріншіден, уақытымызды алды. Бұл жолды неге жөндемейді. Соны сұрағым келеді.

Мәселе қай жақта болсын өзекті. Қалада жағдай реттелуі мүмкін, ал ауылда ше?

Баспаналар судан тазартылған соң бүлінген мүлік қалпына келе ме? Арнайы құрылатын комиссия мәселені шешуі тиіс. 

Рауан Мыңбаев, Марат Диқанбаев, Әсет Сарғұлов

Хабар 24 телеарнасы