Талдықорғанда амбулатория қолданысқа берілді

Талдықорғанда бір мезетте 100 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Енді Еркін ауылының тұрғындары қала орталығына сабылмайды. Ғимаратты салуға жергілікті бюджеттен 378 млн теңге жұмсалған.

Айта кетейік, жергілікті тұрғындар емдеу мекемесінің қажеттігі туралы Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың былтырғы есеп беру жиынында ұсыныс  айтқан еді. Соған сәйкес құрылыс жұмыстары қолға алынып бір жылда ескі ғимараттың орнына жаңасы тұрғызылды. Ел игілігіне берілген мекемеде  алғаш рет екпе егіле бастады.

Жандос Қабылхан жаңа амулаторияда ең бірінші болып екпе салдырды. Қала тұрғыны жасанды жолмен иммунитетін күшейту арқылы қатерлі індеттен сақтанбақ.

Жандос Қабылхан, қала тұрғыны:

- 10 минут бұрын вакцина алдым. Ауырмас үшін. Енді жарты сағат ішінде еш өзгеріс болмаса үйіме қайта беруіме рұқсат. Қазір өзімді жақсы сезініп жатырмын. Осы вакцинадан кейін. 

Бұрынғы амбулатория 1954 жылы салыныпты. Аумағы 400 шаршы метр болатын. Ал қазіргісі одан үш есеге үлкен. Заманауи техникамен жабдықталған мекемеде 42 маман жұмыс істейді. 

- Құтты болсын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемеловичтың арқасында көрдіңдер, қиын кезде қорықпай жұмыс жасағандарыңа қаншама көмек көрсетіп жатыр. Қазір халыққа сапалы жақсы сапалы қызмет көрсету керек. Пәтер беріп жатырмыз. Басқа-басқа жағдайларыңның бәрін жасап береміз.

Мекемеде балаларды дамыту, массаж, физиотерапия, стоматология сынды бірнеше бөлім жаңадан ашылды. Арнайы ультрадыбыстық зерттеу құрылғысы қойылып отыр. Аяғы ауыр әйелдер үшін де жағдай жасалған.

Асқар Оралбаев, еркін дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі:

- Жүкті әйелдерге өте қиын. Мына жерден қалаға баруға. Соларға әдейі төрт бөлме жасап қойдық. Осы жерде қабылдайды. Бәрі халықтың игілігі үшін. Халықтар анда мында жүгірмес үшін бәрі осы жерде жасалады.  Стоматологқа да осы жерде қаралады. 

Талдықорғаннан бөлек биыл Жамбыл, Қарасай аудандарында екі дәрігерлік амбулатория ашылады. Сонымен қатар шалғай ауылдарда жиырма модульді медициналық пункт пайдалануға берілмек. 

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов