Елордада қардан бұрын жолдар еріп жатыр

Күн сәл жылып еді, көшеде шұрық тесік жолдар көбейіп, жүргізушілердің жүйкесіне тие бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ойдым-ойдым жолдар орталық көшелерде де көп. Өкініштісі, бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Ал жауаптылар не дейді?

Аслан Қаженов, тілші:

- Қазір бұндай көрініс үйреншікті жағдайға айналды. Елордадағы жолдар шұрық-тесік. Әсіресе, күннің күрт жылып, қардың еруі барлық былықтың бетін ашты. Өкініштісі сол, бұл жолдарды жөндеуге жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ не пайда? Жыл сайын дәл осындай көрініске куә боламыз.

Жолдың жыртығын кірпішпен жамау біраз жүргізушінің ашуын туғызды. Өйткені тас бөлшектері көліктің дөңгелегін зақымдауы мүмкін. Бұндай жағдайда ешкім өтемақы төлемейді.

Блиц 1:

- Мына жолдарда мүмкіншілік жоқ жүруге. Орталық көшелер нашар. Дөңгелегіміз тесіктерге кіріп кетеді.

Блиц 2:

- Елорда үшін бұл өте ұят жағдай. Өйткені бас қаладағы жолдар бұндай болмау керек. Салықты уақытында төлейміз. Біз не үшін осылай қиналуымыз керек? Жауаптылар қайда?

Жауаптылар барлығын жасаймыз деп отыр. Биыл елордадағы 61 жол учаскесі жөнделуі керек. Кей бөліктері толықтай ауыстырылады. «Ал, кей жерлердің соқпақтары ғана тегістеледі», - дейді әкімдік өкілі.

Ерқанат Бексұлтанов, қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бөлімінің жетекшісі:

- Қаладағы көшелерді жыл сайын жөндеуге тура келеді. Өйткені тесіктер бар, шұңқырлар бар, асфальттың сынған бөліктері бар. Барлығын жасаймыз. Жыл сайын бір көшенің жолын жаңарта беретіндей көрінуі мүмкін. Жоқ. Кей жерлер жамалады. Яғни, олқылықтың көлеміне қарай шешім қабылданады.

Аслан Қаженов, тілші:

- Астанамыздың қысы суық, жазы ыстық. «Температураның ауытқуынан болуы мүмкін», дейтіндер бар. Оны әлеуметтік желдідегі жазбалардан байқадым. Естеріңізде бар шығар, бірер жыл бұрын жолдардың бұзылуы қысқы шиналарға байланысты деген де болжам болған. Бірақ сарапшылар «бұның барлығы бос әңгіме», дейді. Біз еліміздегі ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен телефон арқылы сөйлескен ек. Айтуларынша, қазір жол құрылысының технологиясы дамыған. Тіпті Америка мен Еуропада 50 жыл шыдайтын асфальттар төселеді.

Борис Асматулаев, Қазақстан ҒЗЖИ ғылыми жұмыстар бойынша директоры:

- Мировая концепция, разработанная США и ЕС «вечные дороги» долгосрочных дорог на 50 лет, 20 летние дороги — это не рентабельно.

«Егер бізде де жұмыстар жүйелі жүргізілсе, кемінде 15-20 жыл қызмет етер еді», - дейді маман. Айта кетейік, Қазақсан жол сапасы бойынша қазір 141 елі арасында 93-орында тұр.

Авторлары: Аслан Қаженов, Арман Ақшабаев