Қостанайға қарасты Қонай ауылы балшыққа батып отыр

Қостанай қаласына қарасты Қонай ауылының тұрғындары шалшық кешудеміз деп шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жазда елді мекенге газ, су құбырлары тартылған. Бірақ қазылған жолдар қайта қалпына келтірілмепті. Ал көктем мезгілі жығылғанға жұдырық болып тұр. Ауыл ішіндегі жолдар езіліп, халықтың емін-еркін жүруін қиындатқан.

Қар ерігені сол еді қонайлықтардың құты қаша бастады. Айнала ми батпақ. Көше бойынан өркениеттің ешбір белгісі байқалмайды.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Қонай ауылындағы барлық көшенің сиқы осындай. Қай жаққа бұрылып барсаңыз да, жолдың бәрі ми батпақ. Сондықтан ауыл тұрғындарына осындай етік киюден басқа амал жоқ. Әсіресе, оқушылар мектепке жете алмай қатты қиналады екен.

Қос-қостан баласының етігін ұстаған ата-аналар күніне бірнеше рет аяқ киім ауыстырады. Ойдым-ойдым жолдан адам түгілі көліктің өзі әрең өтеді. Автобус қатынасы өткен аптада үзілген. Жедел жәрдем де келе алмайды. Таксишілер болса, қалаға баратын жолаушыларды ауыл шетінен алып кетеді.

Атымтай Тұрсынбаев, Қонай ауылының тұрғыны:

- Қар ерігеннен бері жол жоқ. Автобус кірмейді бері қарай. Трассадан тастайды да, трассадан кетеді.

Әрсен Досанов, Қонай ауылының тұрғыны:

- Көлікті анау бірінші аялдамаға тастап кетеміз. Сол жерде тұрады. Сол жерден мінесің, барасың қалаға. Ал былай мына жерге әкеле алмайсың. Анау жерге кіре алмайсың. Анау шеткі көшеге мүлдем кіре алмайсың.

Халық дүкенге де әрең барады. Көлік қатынасы қиындағандықтан кейбір сауда орындарында азық-түлік таусылды деп әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр.

Сәбира Нұрғалиева, Қонай ауылының тұрғыны:

- Дүкенге келіп жүрмін ғой. Былай қай жер құрғақ сол жермен келемін. Жалпы шығып жатқан жоқпын. Үйдемін зейнеткермін. Ал жүріп жүргендерге өте қиын.

Осыдан бес жыл бұрын Қонай облыс орталығының қарамағына кірген. Сөйтіп, өткен жазда мұнда көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алды. Ауылдың барлық көшесі қазылып, газ, су құбырлары тартыла бастады. Бірақ сол қазылған жолдар қалпына келтірілмеді.

Қайрат Елеусізов, Қонай ауылының тұрғыны :

- Осындай 100 метр сайын үш құдық бар. Кеше осы жерге машина түсіп кетіп трактормен шығарып, машинаның моторына су кіріп кеткен. Моторын шашып тастадық. Осындай құдықтар газ қазған кезде пайда болған. Былтыр осы жерде кәдімгідей жол болған. Құдық қазғаннан кейін төменге қарай кетіп жатыр. Адамды, көлікті көтермейді.

Қонайдағы жағдай қашан оңалады? Жұрттың сұрап отырғаны осы. Қала әкімдігінен ресми түсініктеме беруді сұрадық. Бүгіннен кешіктірмей сұхбат беруге уәде берді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров