Елордадағы оңалту орталықтарының жұмысы жандана бастады

Карантин басталғалы әлеуметтік мекемелердің көпшілігі қашықтан қызмет етуге көшкен болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы мамандардың көмегі үнемі керек. Мысалы, елордадағы «Шарапат» әлеуметтік орталығының өзіне 560 мүмкіндігі шектеулі бала барады. Бұл психоневралогиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараттары бұзылған, сал ауруына шалдыққандар мен аутист балалар. Олар үй жағдайында және стационарда оңалтудан өтеді. Қазір пандемияға қарамастан орталық қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, жұмысын жалғастырып жатыр. Орталық мамандарының көмегімен жақсы нәтиже көрсетіп жатқан бүлдіршіндер де бар. Мысалы, емдік дене шынықтырудың арқасында Даун синдромына шалдыққан блалардың бірінің тұсауы кесілді. Жалпы статистикаға сай Қазақстанда 44 мыңнан астам ерекше бала есепте тұр. Оның 6 мыңға жуығы Нұр-Сұлтанда.

Зульфия Алшынова, ата-ана:

- Орталықтың ашылғанын қатты күттік. Өйткені қызым осы жерге үйренген. Мұнда ата-аналар баламен бірге отырып, оңалтуға қатыса алады. Кейін үйде сол жаттығуларды қайталайды. Өйткені сал ауруына шалдыққан балаларға үзбей жаттығу жасау керек. Әйтпесе, жағдайы нашарлап кетеді.

Ердәулет Аманбай, қала әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

- Пандемия уақытында біздің орталық жартылай стационарлық қызметтер көрсетіп отыр. Яғни оңалту іс-шаралары. Ол жерде қазіргі балар саны қысқартылған. Түске дейін 10-12 бала, түстен кейін 10-12 бала. Негізінен біз қазіргі таңда жеке сабақ өткізуге тырысып отырмыз.