Елімізде үй жануарларын асырау туралы заң жобасы әзірленіп жатыр

Елде пандемия кезінде иесіз ит-мысықтар қаптап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Анығы, азаматтардың өздері төрт аяқты достарынан тезірек құтылуға асық. Қазір елордадағы үй жануарларын ұстауға арналған орталықтарда бос орын жоқ. Ал еріктілер мұны барып тұрған жауапсыздық деп налып отыр.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Бұл ит көпшіліктің есінде шығар. Осыдан бірнеше ай бұрын төрт аяқты мақлұқ Қосшы ауылы маңынан табылды. Бәзбіреулер қатты қорлаған. Бір құлағын шұнақ қылып, бауырындағы күшігін айуандықпен өлтіріп кеткен.  Содан бері Гера адам көрсе, анадайдан зыта жөнелетін. Әйтеуір бұл жолы волонтерлер араша түсіп, ит аман қалды. Жайлы жерде лайықты күтіп жасалған соң көрген қорлығын да ұмыта бастағандай.

Оксана Яковенко, «Ника» орталығының негізін қалаушы:

- Біздерге көлік қаққан, адамдардан жәбір көрген иттер көп түседі. Кейде халі ауыр иттерді азаматтар көшеде жатқан жерінен тауып алып, дәрігерлерге өздері апарады. Бірақ сол күйі кетіп қалады. Ал енді біріне оқ тиген. Адамдар мылтықпен атып, мазақ қылған.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Адамдар неге тасбауыр болып барады? Жануарларға жаны ашып жүрген волонтерлер осылай деп күйінеді. Қазір орталықта 100-ден аса асыранды ит-мысық бар. Кейбірін иелері өздері әкеп тастаған. Мұндай жайттар, әсіресе, пандемия кезінде тіптен көбейіпті. Алайда тек қайырымды жандардың арқасында күн көріп отырған ұйымға бұл да айтарлықтай салмақ салды. Қазірдің өзінде мұнда орын жоқ. Сондықтан қамқорлыққа алынған мақұлықтарға тез арада жаңа қожайын табу керек.

Антонина Дворяткина, «Ковчег» орталығының волонтері:

- Мәселен Германияда арнайы орталықтан ит немесе мысық алу үшін бірнеше міндетті рәсімдерді орындау керек. Яғни, алдағы уақытта жақсы қожайын болатыныңды дәлелдейсіз. Ал бізде қалай? Біз жануарлардан әкеткеннен кейінгі тағдыры қалай болғанын білмейміз. Себебі оларға чип салынбайды.

Қоғамды жайлаған жауапсыздық пен қатыгездікке қайтсек тыйым саламыз? Бұл сауал депутаттарды да толғандырды. Олардың айтуынша, мәселенің шешімі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы болуға тиіс. Жаңа құжатта үй жануарларын асырауға қатысты бірқатар өзгерістер қамтылады. Соның бірі – ит-мысықтардың жосықсыз көбеюінің алдын алу үшін міндетті түрде кастрация жасату. Бұдан бөлек, бұралқы иттерді бұрынғыдай бас-көзсіз атуға да шектеу қойылуы мүмкін.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Волонтерлер көлік қаққан итті тауып алып, полицияға шағымданады. Ал олар қылмыс табы жоқ екенін айтып, арызын кері қайтарады. Қатыгездік жасалғанын дәлелдеу үшін ит қатты жараланған я өлген болуы керек. Алайда көп жағдайда күдіктілер құтылып кетеді. Егер заң жобасы Мәжілісте мақұлданса, үй жануарларын жәбірлегендерді жауакершілік тарту тармағын да енгіземіз.

Адам атаулымен бірге өмір сүріп жатқан тіршілік иелерін аяусыз жәбірлеп, қынадай қыра берсек адам атымыздан не қалады? Жаңа заң жауапкершілікке тарту мен  қатар адам бойында мейірімділік секілді ізгі қасиетті оята алса ғой. «Қайткенмен де сең қозғалды. Енді тек жаңа заңның тезірек қолданысқа енгені керек», - дейді волонтерлер.

Авторы: Назерке Тоқжан