Құрғап қалған Аралдың бүгінгі көрінісі

Бұл – Аралдың әр жылдардағы көрінісі. Қынжыласың. Рас қой? 

Бүгінде 1960 жылы толқыған теңіздің небәрі он-ақ проценті қалды. Бұл туралы тілшіміздің арнайы репортажынан көре аласыздар. 

Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Мұнда су айдыны болғанын, ал қазір тұзды шөлге айналғаны кез келген адамға айдан анық.

Вадим Соколов, Халықаралық Аралды құтқару қорының өзбекстандық агенттігінің басшысы:

– Солтүстік Арал, Тұздыбас, Батыс Арал және аз-маз су айдындар жүйесі. Арал теңізінен қалғаны осы. 1960 жылы болған теңіздің бүгінде 10 проценті ғана қалып отыр. Аралдың орнына жаңа шөл пайда болып, ол Қарақұм мен Қызылқұмның екі ортасына орналасты.

Әли Шәдинов, балықшы:

– Жасы үлкен балықшылар айтты: «Балалар! Суды ұрттап көрдіңіздер ме? Мына су кетіп бара жатыр. Тұзы басым болып бара жатыр. Арал теңізінен су қайтып жатыр, құрып жатыр». Оған жас балықшылар күліп: «Ой, ағай, қойсаңызшы! Бұл Арал теңізінің құруына миллион-миллион жыл бар» деп айтты. Олай емес екен, бірден құрып қалды.

 

БАТЫС АРАЛДЫҢ СУЫ ЖЫЛ САЙЫН 60 САНТИМЕТРГЕ ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Жасын Біркенов, тілші:

– Бес сағаттан кейін әупірімдеп теңізге жеттік-ау. Міне ол. Өзбекстан аумағында бүгінде тек Батыс Арал ғана сақталып қалыпты. Оның өзі жыл сайын 60 см тартылып барады.

Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Бүгінде Батыс Арал бара-бара құрғап барады. Өйткені мұнда құятын бір өзен жоқ. Арал оттың үстінде тұрған таба сияқты. Күннің сәулелері суды қайнатып, артынша ол буға айналып жатыр. Жыл сайын теңіздің басына келемін. Жыл сайын су ондаған метрге тартылып бара жатқанын көріп жүрмін. Өкінішке қарай, уақыт өте келе теңіздің бұл тұсы да мүлдем жойылып кетуі ғажап емес.

Жасын Біркенов, тілші:

– Сумен бірге мұнда балық та жоғалды. Қазір Батыс Аралда тіршілік иесін табу мүмкін емес. Өйткені судағы тұздың мөлшері тым көп. Мынаның бәрі тұз.

Мамандардың айтуынша, теңіздегі тұздың үлесі – 30 процент.

Вадим Соколов, Халықаралық Аралды құтқару қорының өзбекстандық агенттігінің басшысы:

– Батыс Аралда тіршілік жоқ. Мұндағы судың бір литрінде 180 грамм тұз бар. Бұл өте көп. Демек бұл су емес, тұздық болғаны ғой. Әрине, мұндай теңізде балық тіршілік ете алмайды. Тіпті Израиль мен Иорданиядағы Өлі теңіздің өзінде осыншама көлемде тұз жоқ.