Арал маңында тұратын адамдар көшіп жатыр

Арал апатының салдары теңіздің маңында тұратын халыққа кері әсерін тигізіп жатыр. Бұл жөнінде толығырақ «Теңізден құмды шөлге айналған Арал» арнайы репортажынан көре аласыздар.

Су алабынан ауаға улы тұзды тозаң көтеріледі. Экологиялық апаттың салдарынан жыл сайын ауаға 150 млн тонна шаң-тозаң, тұз бен құм көтеріліп, Қарақалпақстан мен Хорезм тұрғындарының дегбірін қашырады.

Әли Шәдинов, балықшы:

– Бұл жерде құрғақшылық. Құрғақшылық болғаннан кейін, шаң көтеріліп, ол көзге ұрады, бетке ұрады. Көтеріліп кетемін дегенше, мына ерінге тіліңді тигізсең, ап-ащы ғой.

Вадим Соколов, Халықаралық аралды құтқару қорының өзбекстандық агенттігінің басшысы:

– Жел солтүстік-шығыстан соққан кезде аса қауіпті болады. Яғни жел Қазақстан тарапынан келсе, тұз көкке көтеріле бастайды. Салдары қатты тиген, соңғы тұзды боран 2018 жылы болды. Бүгінде біз жылына 100 күн тұз көтеріліп жатқанын байқап отырмыз.

Әли Шәдинов, балықшы:

– Арал теңізі құрығаннан кейін күнде шаң. Бұл шаң бір күні көтеріліп кетіп, бірден Мойнаққа түсіп жатқан жоқ, Өзбекстанның территориясына. Басқа шет мемлекеттерге барып жатыр екен. Шет мемлекеттер көшіп кетіп жатыр.

Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Ұсақ дисперсиялы тұзды шаң адам денсаулығына жаман әсер етеді. Бұл – үлкен қасірет. 2018 жылдың 27 мамырында бұл жерде үлкен тұзды шаң-тозаң көтерілді. Ол Нүкіс, Бұқара, Самарқан, Ташкентке дейін жетті. Тіпті көрші Түрікменстанның қалаларын да тұз басты.

Арал апатының салдарынан Өзбекстанда тұратын шамамен 500 мың адам жапа шеккенін айтады ғалымдар. Теңіз маңындағы халықтың тең жартысы таза ауыз суға зәру. Оның үстіне бұл аймақта кедейшілік деңгейі жоғары әрі туберкулез бен қатерлі ісік аурулары өршіп тұр.

Вадим Соколов, Халықаралық аралды құтқару қорының өзбекстандық агенттігінің басшысы:

– Өзбекстанның өзге өңірлерімен салыстырғанда бұл жерде туберкулез, өкпе ауралары, онкологиялық аурулар 2-3 есе көп екені анықталды. Яғни мұнда індетке шалдығу қаупі бүкіл республикамен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Әли Шәдинов, балықшы:

– Құрғап кеткеннен кейін ауру адамдар көбейіп кетті. Адамдар көшіп кетті. Қазақстанға қазақтар көшіп кетті.

Сондай-ақ:

Құрғап қалған Аралдың бүгінгі көрінісі