Жамбыл облысында оқушылар арасында коронавирустың таралуы жиілеп барады

Жамбыл облысында 1 сәуірден бастап мектептер оффлайн режимге ауысқалы 11 оқушы коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның төртеуі облыс орталығында қалғандары Қордай, Байзақ және Шу аудандарында тіркелген. Тараз қаласында қауіпті инфекция №46 мектептің 3 және 7-сынып оқушыларынан анықталып отыр. Қазір бұл балалар оқитын сыныптар жабылып, толықтай онлайн режимге көшірілді. Сонымен қатар осы сыныптарға сабақ берген 8 мұғалім де карантинге оқшауланған. Жалпы аймақта 141 оқушы індет жұқтырған. Оның 37-сі дәстүрлі форматта оқитын балалар.

Айта кету керек, өңірде соңғы аптада 210 жұқтыру дерегі тіркелген. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 69 адамға өсіп отыр.

Саясат Есеев, қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда санитарлық органдар, денсаулық сақтау органдары жұмыс жүргізуде. Мектептегі сыныптарды, екі сыныпты да дезинфекциялық жұмыстар толық жүргізіліп, екі сынып та толығымен жабылды. Мектеп қалған сыныптардағы оқу процесі кестеге сәйкес жүргізілуде. Балалардың жағдайы бірқалыпты. Жақсы деңгейде. Қазір осы жағдайдың бәрін біз күшейттік. Санитарлық жағдайда барлық мектептерде ата-аналармен тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз.