СҚО-ға қызғылт бірқазандар ұшып келді

Солтүстік Қазақстан облысына қызғылт бірқазандар ұшып келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір қызығы, теріскейде өте сирек кездесетін жабайы құстар Смирново ауылының маңындағы қоқыс алаңына қонған. Қазір онда 100-ге жуығы жүр. Қызыл кітапқа енген қанаттыларды көруге адамдар лек-легімен келіп суретке түсіп жатыр. Табиғатты қорғау қызметкерлерінің айтуынша, бұл жылы жаққа ұшып бара жатқан бірқазандар. Орта жолда демалуға тоқтаған болуы мүмкін. Осыған байланысты мамандар қоқыс алаңында кезекшілік орнатып, құстарды күн сайын бақылап отыр.

Әлия Аппасова, Смирново ауылының тұрғыны:

- Қоқыс алаңында бірқазандар жүргенін естіп келдім. Қызық болды. Қызыл кітапқа енген құстар ғой. Балаларым бірінші рет көріп жатыр.

Олег Беспалов, СҚО Орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Біздің және адамдардың басты міндеті – табиғи құбылысқа араласпау. Көп көңіл құстарды үркітеді. Сондықтан оларды мазаламаған дұрыс. Бұл құстар алыс сапарға алдын ала дайындалады. Өткен күндері тұман болған. Сол себепті қонған шығар.