429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенатта ветеринария саласындағы мәселелер талқыланды

  • 115
  • UPD: 16:37, 09.04.2021
Сенатта ветеринария саласындағы мәселелер талқыланды

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығымен кездесуде ветеринария және кадр даярлау саласындағы проблемаларды талқылады.

Атап айтқанда, мал дәрігерлерін даярлау сапасы, олардың жалақысының төмендігі, ветеринарлық станциялардың материалдық-техникалық жабдықталуы сөз болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

«Ветеринарлық қызмет негізінен елдің ғаламдық биологиялық қауіпсіздігінің жалпы жүйесінің бір бөлігі болып табылады. Мал дәрігерлерінің біліктілігінің төмендігі және мамандардың жетіспеушілігі жануарлардың бойындағы жұқпалы аурулардың адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруіне себепші болады. Жоғары патогенді құс тұмауының кенеттен пайда болғаны бәріміздің есімізде. Осындай жағдайлар ветеринарлық қызметтің дәрменсіздігін көрсетті деуге болады», - деді Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев.

Сенатор қазіргі уақытта ветеринариялық станциялар мен пунктерде 440-қа жуық маман жетіспейтінін айтты. Бұл мәселені «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы шеше алатын еді. Бірақ, депутатың пікірінше, аталған бағдарламада қойылған мақсаттар өз деңгейінде орындалмауда және ауылға баратын жас мамандарға қолдау көрсету жеткілікті дәрежеде іске аспауда.

«Егер жас мамандарға жұмыс істеуге, ауылда өмір сүруге қажетті жағдай жасалса, мысалы қызметтік тұрғын үйлер салынса, әлеуметтік жеңілдіктер берілсе, материалды-техникалық базасы қамтылса, кадр мәселесі біршама болса да өз шешімін тапқан болар еді. Бұл мәселеде уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың, оқу орындары мен жұмыс берушілердің іс-әрекеттері біріккен жағдайда ғана белгілі бір жетістіктерге қолжеткізуге болады», - деді сенатор.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің ақпаратына сәйкес ветеринарлық қызметті одан дамыту үшін Президенттің тапсырмасы бойынша 2021-2023 жылдарға арналған ветеринарлық қызметті дамыту және нығайту жөніндегі кешенді шаралар әзірленген. Олар жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты бақылау, ветеринариялық препараттардың айналымы, жануарлар ауруларын болжау, сондай-ақ ветеринария саласындағы цифрландыру шараларын іске асыруды көздейді. Бұл бағдарлама сала мамандарын даярлауды және қайта даярлауды жақсартуға тиіс. Кездесу барысында аграрлық сектордағы ғылыми қоғамдастық өкілдері бірқатар нақты ұсыныс айтып, саланы одан әрі дамыту туралы ойларымен бөлісті. Кездесу қорытындысы бойынша қабылданған ұсынымдар Үкіметке жолданатын болады.

Хабар 24 телеарнасы