Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-18» зымыраны ұшырылды

65-ші экспедиция құрамында ресейлік ғарышкерлер Олег Новицкий, Петр Дубов және америкалық астронавт Марк Ванде Хай бар. Бұл экипаж «Наука» атты жаңа зертхана модулін халықаралық ғарыш станциясына жеткізеді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Бұл ғарыш кемесі «Юрий Гагарин» деп аталды. Бұл адамзаттың алғаш ғарышқа жол ашқанына 60 жыл толуына орайластырылса керек. Мерейтойлық нышандармен зымыранның кейбір бөлшектері де безендіріліпті.

«Союз МС-18» ғарыш кемесі дәл белгіленген уақытта көкке самғады. Ұшырылым штаттық режимде өтті. Ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясына жаңа көпфункционалдық «Наука» зертханалық модулін жеткізеді. Ол ХҒС-дағы ең үлкен зертханалық кешен болмақ. Онда Ресейдікінен басқа тағы үш елдің зертханасы бар. Олар Америка, Еуропа және Жапонияға тиесілі. Экспедиция барысында модульдің интеграциясына байланысты жұмыстар аясында ашық ғарышқа екі рет шығу жоспарланған. Айтпақшы, кеме экипажы ғарышта әдеттегідей алты ай емес, оданда ұзақ уақыт өткізеді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл ұшырылым қолданыстағы карантин жағдайында жүзеге асып отыр. Барлық экипаж мүшелері коронавирусқа қарсы вакцинацияланған, ал жұлдызды қалаға келген қонақтардың ПТР анықтамасы болуы шарт.