Елорда іргесіндегі Қосшы ауылының тұрғындары тағы сусыз қалды

Жергілікті халықтың сөзінше бұл жыл сайын емес, ай сайын болатын проблема. Су болмағандықтан екінші ауысымда оқитын оқушылар бүгін онлайн форматқа ауыстырылды.

Ал су болғанның өзінде, жоғары қабаттағы пәтерлерде қысым төмен.

БЛИЦ:

– Су бар кезде қысым төмен. Кешкісін адамдардың барлығы келеді үйге, сол кезде бесінші қабатқа су бармайды.

– Қысы-жазы су болмайды. Жоқ дегенде айына екі рет су өшеді. Жаңа қостық деп айтты. Мысалы, бірінші қабатта су бар. Соның өзінде екінші қабатқа су әлі жеткен жоқ. Қазір қайтадан өшіреміз дейді.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

– Нұр-Сұлтан қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Қосшы аулындағы су мәселесі үйреншікті проблемаға айналған. Жергілікті тұрғындар соңғы бір тәулікке жуық уақыт ауыз сусыз отырды. Үйлерінде су жоқ. Есесіне көшеде су жетеді.

Бір қызығы, пәтер иелері кооперативінің басшысы тұратын үйде су бар. Оның өзінде, бүкіл үйде емес, тек сол лауазымды азамат тұратын бөлікте.

БЛИЦ:

– Осы үйде КСК-ның бастығы тұрады. Өздеріне бөлек сорғы қойып алған ба білмеймін, өзім 34-ші үйде тұрғаннан кейін қанша халық шулап жатқанын естіп отырмын. Қосшыда, Леснаяда су жоқ. Бірақ 9,10,11,12 подъезде су бар.

Әлеуметтік нысандарға судың тоқтап қалуы кедергі емес сыңайлы. Мысалы, мектепте сабақ тоқтатылмаған.

БЛИЦ:

– Осы мектепте немерем оқиды. Барсам апайы маған шағым жасайды. Сіздерде су бар ма деп. Қазір балалар дәретханаға барам десе, мен не істеймін деп тұр апайы.

Біз Лесная полянаның нөмірі екінші орта мектебінің жанына келдік. Ауылда судың жоқтығына қарамастан сабақ жалғасып жатыр. Ата-аналардың айтуынша, екінші ауысымдағы сабақты кейінге қалдырған. Ал бірінші ауысымдағы балалар әлі мектепте.

Ал мектеп әкімшілігінің сөзінше, ішетін суды сырттан әкеледі. Жалпы мектептің техникалық қызметкерлердің арнайы ыдысқа су жинап қояды. Сол қор таусылып қалғандықтан сабақты тоқтатуға тура келген.

Ұлжан Балтабайқызы, Қосшыдағы №2 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Таңертең су болған жоқ. Бірақ сабақты тоқтатқан жоқпыз. Өйткені себепсіз сабақты тоқтата алмаймыз. Бірінші, екінші сабақ болды. Балалар үш ауысымда оқиды. Екінші ауысымдағы оқушыларға сабақ болмайтынын хабарлады.

 

Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, су қондырғыларының халықты сумен қамтуға күші жетпейді. Тәулігіне 7 мың куб метр су берілуі тиіс. Ал осындан он жыл бұрын салынған су ұңғымалары тек 2 мың куб метрге есептелген. Мәселені шешу үшін 2017 жылы жаңа ұңғымалардың құрылысы басталған. Мердігер 2020 жылдың желтоқсанында жобаны аяқтаймыз деп келіскен.

Валерий Асабаев, Целиноград ауданының тұрғын-үй инспекциясы және кшб басшысының м.а.

– Бүгінгі таңда 25 ұңғыманың 16-сы салынды. Сонымен қатар қосымша генетар салынуы тиіс болған. Алайда 2020 жылы жоба аяқсыз қалды. Мердігер өз міндетін орындамады. Бұл мәселеге қатысты тұрғын-үй инспекциясы сотқа арызданды. Бірақ біздің станциялардағы су жетеді. Жер астынан алынатын су қоры тағы бар. Алайда сол мердігер жарық желісі мен қосымша генератоды салмағандықтан осындай ақаулар болып тұрады.

Бұдан бөлек, жаздай жиналмаған қоқыс қар астынан тағы шықты деп қынжылады жергілікті халық. Коронавирус өршіп тұрған кезде қарапайым көшелердің жиналмауы жауапсыздық дейді олар.

БЛИЦ:

– Қыстай қар тазаланбайды. Жаздай мына қоқыс жиналмайды. Үй алдын жинайтындарды көрмейміз. Штатта 50-60 адам бар. Әкімді алу керек. Жұмыс істемейді.

Қазір су құбырлары қайта істеп тұр. Бірақ ертең тұрғындар тіршілік нәріне тағы да мұқтаж болып қалмайтынына кім кепіл?

Ғазиза Мұхамеджанова, Ерзат Зайытхан