429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Баспана кезегінен шығарылған елордалық отбасы далада қалды

  • 152
  • UPD: 21:45, 09.04.2021

Бас қалада бүтіндей бір отбасы баспана тауқіметін тартып жүр.

Арнамызға шағымданған Раисовтар жанұясы әкімдік тұрғын үй кезегінен шеттетті деп арызданып отыр. 2005 жылы Ресейден қоныс аударған қандастар сол кезде оралман статусын алып үй кезегіне іліккен. Алайда бұл қуанышы осыдан екі жыл бұрын су сепкендей басылды. Өйткені жауапты органдар оларға баспана беруге асығар емес.

Амина Раисова отбасымен 2005 жылы Ресейден қоныс аударған. Ата қонысымыз – Қазақстан деп аңсап жеткен еліміз әлі күнге маңдайымыздан сипай қоймады дейді ол. Үйдің отағасы Өміржан 2006 жылы оралман статусын алып, елордада үй кезегіне тіркеледі. Ал 2007 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алыпты. Әр жыл сайын тұрғын үй кезегіне тиісті құжаттарды жаңартып та отырған. «14 жыл бойы азаматтық алдың, енді баспана кезегіне тұра алмайсың» деп ешкім айтқан емес. Мәселе 2018 жылдың аяғы мен 2019 жылы басталды дейді Амина Қайыргелдіқызы.

Амина Раисова, қала тұрғыны:

– 2019 жылдың 1 сәуірінде емханада жұмыс істейтін күйеуім тізімді қарап, тиісті құжаттарды жаңартайын деп кіріскенде бір-ақ білдік, тұрғын үй кезегінде жоқ екенімізді. Аң-таң болдық. Себебін сұрасақ, Қазақстан азаматтығын алғанымыз үшін тұрғын үй кезегінен шығарып тастапты. Олай боларын қайдан білейік? Азаматтықты біз 2007 жылы алдық қой. Сонда неге 2019 жылы бізді кезектен шығарып отыр? Оған дейін неліктен тұрғын үйге жауапты органдардан бір адам келіп ескертпеді?

Ал әкімдіктегілер отбасыға кезектен шығарылғандарыңа келіспейтін болсаңдар, соттасыңдар деген. Осыдан кейін Амина Раисованың жолдасы Есіл аудандық соты мен Нұр-Сұлтан қаласының сотына жүгінеді. Мұнда сот үкімі Раисовтардың пайдасына шешіледі. Мұнымен келіспеген Тұрғын үй басқармасы Жоғарғы сотқа шағымданған. Еліміздің Жоғарғы соты аудандық және қалалық соттардың шешімдерінің күшін жойып, Раисовтың Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін баспанаға кезекке тұруын заңсыз деп тапқан. 

Амина Раисова, қала тұрғыны:

– Соттың айтқаны былай: кезекке тұрар кезде сіз Қазақстан азаматтығын алғансыздар. Сол себепті қандас оралман ретінде тұрғын үй кезегіне тұра алмайсыздар деген. Біз қай санатқа жататынымызды өзіміз шешпейміз ғой, оны сол кезекке тұрар кезде тұрғын үй мамандары анықтап жазды емес пе?

Елдос Жұмасқанов, ҚР Жоғарғы сотының департамент басшысының орынбасары:

- Бұл жерде ең басты мәселе – азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тұрғанда ол оралман емес еді. Ол кезде азамат Раисов Қазақстан Республикасының азаматы болған. Себебі Қазақстан Республикасы азаматтары үшін мұқтаж ретінде әр түрлі санатпен арнайы есепке тұратын тұрғын үй заңына сәйкес тізбе бар. Міне, бұл азамат ол бұл санатқа жатпады. Егер ол оралман мәртебесінде қалса, онда ол мұқтаж адам ретінде баспана кезегінен шығарылмаған болар еді. Бірақ ол оралман мәртебесін жоғалтты және оған Қазақстан Республикасының азаматтығы берілді.

Амалы таусылған бұл отбасы қазір туыстарымен бірге қала сыртында күн кешіп келеді. Басында баспанасы жоқ, тұрғын үй кезегі, ол жоқ, жанұяның жанайқайымен Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй басқармасындағылар жақсы таныс көрінеді.

Арманай Оңғарбаева, қалалық тұрғын үй қорының баспасөз хатшысы:

– 2008 жылдан бері қандас ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған. Алайда тұрғын үй басқармасымен 2018 жылы кезекте тұрған адамдарды түгендеу процесі жүрген кезде көші-қон полиция департаментінің ақпараты бойынша осы азамат Қазақстан азаматтығын алғаны жайлы ақпарат шыққан болатын. Яғни ол қандас емес, Қазақстан Республикасының азаматы. Сол себепті Тұрғын үй заңының 73-бабына сәйкес оны тұрғын үй кезегінен шығарған болатын. Себебі ол өз санатын одан әрі растай алмайды. Қазіргі күнде қандас болып табылмайды. Осы шешіммен келіспеген азамат сотқа жүгінген болатын. Ол Есіл аудандық соты. Ол сотты жеңгенде біз оны тұрғын үй кезегіне қоюға мәжбүр болдық. Алайда 2019 жылы барлық қалалық және аудандық соттардың шешімін жою туралы Жоғарғы соттың шешімі шығады. Сол себепті 2020 жылы Жоғарғы соттың шешімі негізінде біз оны тұрғын үй кезегінен шығардық.

Нұрбек Байбосын, тілші:

– Статистикаға сүйенер болсақ, еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап Қазақстанға 1 млн 740 мыңдай қандас оралған. Ал солардың барлығы баспанамен толық қамтылған ба? Жоғарғы соттың мәліметінше, бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласының өзінде әкімдік шамамен 20 азаматты оралман мәртебесін дәлелдей алмағаны үшін сот арқылы тұрғын үй кезегінен шығарған.

Өміржан Раисов секілді бас қалаға баспана іздеп келгендердің қатары көп екені белгілі. Тұрғын үй қорынан пәтер алуға ниеттілердің саны 48 мыңнан асып жығылады. Салынып жатқан үйлерден көз сүрінсе де, халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін баспананың барлығына бірдей жете бермейтіні тағы бар.

Нұрбек Байбосын, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы