COVID-19: Алматыдағы сауда орталықтарында вакцина салынып жатыр         

Алматыда емханалармен қоса, сауда ойын-сауық орталықтарында да коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр.

Әзірге егу кабинеттері 20 ойын-сауық орталығында ашылған. Өткен тәулікте шаһарда 1 мың 200-ге тарта адам екпе алған. Ал халыққа жаппай екпе салу шарасы 13 сәуірден басталады. Жалпы бүгінгі күнге дейін мегаполисте 49 мыңнан аса адамға вакцина салынды. Оның 12 мың 300-ге жуығы екі компонентін де алған.

Вакцина салдыруға келген адам алдымен тіркеуден өтеді. Онда сатурациясы, қан қысымы, дене қызуы өлшеніп, дәрігердің қабылдауына жіберіледі. Ал дәрігер адамдардың денінің саулығын тексереді. Егер суық тиіп ауырып тұрса, вакцина салдыруға рұқсат етілмейді.

Гүлсара Сүлейменова, №17 емхана қызметтері интеграциясының басшысы:

– Дәрігер пациент туралы мәліметті электронды құжатқа толығымен жазып шығады. Бұрын ауырған ба? Ауру жұқтырған адамдармен байланысы болған ба? Осының бәрін сұрап біледі. Егер коронавируспен ауырғанына жарты жылдан асып кетсе, онда вакцина міндетті түрде салынады. Екпе алғаннан кейін жарты сағат медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Вакцина салдырдым, енді ауырмаймын деуге болмайды.  Адамның иммунитеті 42 күнде қалыптасады. Сондықтан күтінген жөн.

Осы сауда орталығының өзінде түске дейін 200 адам алды. Көпшілік жаппай вакциналау-індетті жеңудің тиімді тәсілі болмақ деген пікіріде.

Әсем Есмұқанова, қала тұрғыны:

– Өзімнің денімнің сау болғанын қалаймын. Басқалардың да қауіпсіздігі туралы ойлаймын. Сол үшін келдім.

Андрей Богданов, қала тұрғыны:

– Жағдайым өте жақсы. Ешқандай қарсы көрсетілімді байқаған жоқпын. Жұрт вакцина туралы неше түрлі қауасет әңгімелер айтып жүр. Ол әрине дұрыс емес. Оған сенбей, әркім өзінің, оған қоса жақындарынының өмірін ойласа екпе алулары керек.

Вакцина алу үшін кезекте тұру міндетті емес. Электрондық үкімет порталы арқылы, егов мобильдік қосымшасы және телефон арқылы алдын ала жазылып қоюға болады. Бұдан соң тұрғындарға вакцинаны қай кезде, қай жерде алатындығы көрсетілген смс хабарлама келеді. Вакцинаның бірінші компонентін салдырған соң қайта тіркелудің қажеті жоқ. 21 күннен кейін екінші рет алу туралы хабарлама келеді. 

Гүлнара Ысқақова, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ қалалық филиалының директоры:

– Ал өздері келе алмайтын қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға емханананың арнайы көлігі жіберіледі. Пациенттің жағдайына қарай жеңіл немесе арнайы көлік болуы мүмкін. Жаппай вакциналау болған соң еңбек миграциясымен келген шетелдіктер де бұл науқаннан тыс қалмайды. Оларға да екпе салынады.

Қалаға кезекті транш бойынша 47 мың доза жеткізілді. Жақын күндері тағы 424 мыңы әкелінеді. Қазір шаһарда 200-ге тарта вакциналау пункті ашылды. Оның 20-сы сауда-ойын сауық орталықтарында орналасқан. Егу шаралары республика сарайында да жүргізіледі. Мегаполисте 2 миллионнан аса тұрғын бар. Соның кем дегенде 1 млн-нан вакцина салу жоспарланып отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон