Жамбыл облысында балық шаруашылықтары шығынға батты

Жамбыл облысында айдын, көлдерге су жетпей жатыр.

Салдарынан көптеген балық шаруашылықтары шығынға батты.

Бұған дейін келіп тұрған су тоқтатылып, каналдар жабылған. Енді шаруалар балық шаруашылығын дамыту үшін тәуекелге баруға мәжбүр. Сөйтіп қазіргі күндері жер асты сулары мен жаңбыр және қар суына қарап қалған.

Кедергіге тап болған шаруалардың бірі – Руслан Изделюпов. Оның көліне су келмей тұр. Балықшы қазір көліне шабақ жіберіп, қаржы салуға қорқып отыр. Өйткені су бұдан әрі келмейтін болса, шіліңгір шілдеде тартылып, есіл еңбек еш кете ме деп алаңдайды.

Руслан Изделюпов, шаруа:

– Былтыр да дәл осындай жағдайға тап болғанбыз. Тереңдігі 4 метр судан бар-жоғы 8 сантиметр ғана қалды. Мұндай жағдайда балық шаруашылығымен айналысу өте қиын. Енді су жеткізу үшін әр текше метріне қаржы төлеу керекпіз. Ол тым қымбатқа түседі. Тиімсіз. Көлшіктерді мемлекеттен балық шаруашылығын дамытамыз деп жалға алдық. Бірақ сумен тұрақты қамтамасыз етпей отыр. Су берілмесе, бұл тақыр жерді жалға бергенмен тең. Бізге су керек.

Бұл көлшіктерге су «Қазсушар» мекемесіне қарасты каналдармен жеткізіледі. Тіршілік көзі берілген күннің өзінде жеткізу қызметі ақылы болмақ. Оның өзінде егіннен артылған жағдайда ғана беріледі. Демек балықшылар суды күзге дейін күтулеріне тура келеді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Байзақ ауданындағы 10 шақты көлдегі көрініс осындай. Табаны мүлдем құрғап, ішін ну қамыс басқан. Ал қыс айларында су болмағандықтан, балықтар тонналап қырылып шаруалар қыруар шығынға батқан. Енді олар балық шаруашылығымен айналысуға қолдарын сілтеп отыр.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бұл проблеманы жақсы біледі. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Өйткені су арналарында жөндеу жұмыстары бітпейінше көлдерге су бармайды.

Аслан Оразбеков, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Мәселе бар. Каналды жөндеуіне байланысты бүгінгі күні су бере алмай отырмыз. Мүмкіншілік жоқ. Каналды салудың өзі бірталай ақша тұрады. Мысалы, 5 километр болса, жанынан 5 километр канал қазу керек.

Балық шаруашылықтарына су тек каналдар жөнделіп біткеннен кейін ғана берілуі мүмкін. Оның өзінде су артылған жағдайда. Мұндай проблема қазір Жамбыл ауданындағы Сұлукөл мен Жаманкөл көлдерінде де бар.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә