Президент реформалары жүйелі жүзеге асып жатыр – Андрей Чеботарёв

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі 2 жылда сан түрлі салада ауқымды реформаларды іске асырды.

Әсіресе, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылып, билік пен қоғам арасында мызғымас көпірдің орнауы – саяси тұрғыда салмақты шешімдердің бірі болды. Бұл туралы қазақстандық сарапшы Андрей Чеботарёв өз баяндамасында жазды. Белгілі саясаттанушының еңбегіне елдегі реформалар хронологиясы мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі бастамалары арқау етілген.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Біздің еліміздің саяси жүйесін либерезация жасауға арналған заңдардың топтамасы қабылданды. Оның ішінде сайлау туралы заңға, Парламент туралы заңға өзгерістер енгізілді. Митинг туралы жаңа тұрпаттағы заң пайда болды. Мұның барлығы елдегі саяси жүйені бірте-бірте эволюциялық түрде өзгертуге алып келді. Сонымен бірге халықтың әлеуметтік сұранысы артқан болатын.

Президент қызметке келгелі жүзеге асырылған жаңа реформалардың алғашқысы 2019 жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Саяси партияларды тіркеуге қойылатын шектеу азайтылды, оған мүше болатындар тізіміне әйелдер мен жастардың 30 проценттік квотасы енгізілді, митингтер туралы заң қабылданып, жала жабу жөніндегі бап тек әкімшілік кодекс аясында қарастырылатын болды. Ал бүгінде саяси реформалардың екінші пакеті жүзеге асырылып жатыр. Ол былтыр қыркүйек айында жарияланды. Мақсат – ауыл әкімдерін тұрғындардың өздері сайлауына қол жеткізу және адам құқықтарын қорғау. Мемлекет басшысы жақын арада үшінші реформалар пакетін ұсынды. Қаңтар айындағы мәлімдемесінде тікелей сайлау механизмін аудандық деңгейде енгізіп, саяси партиялардың Мәжіліске өтуіне мүмкіндік беретін шекті дауыс деңгейін 7-ден 5 процентке түсіріп, сондай-ақ сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» ұғымын жазу жөнінде тапсырма берді. Осы ретте, Президент көмекшісі Ерлан Қарин бұл реформалар аясында арнайы заң жобалары әзірленіп, депутаттарға ұсынылғанын атап өтті. Бір сөзбен айтқанда, барлық бағыт бойынша жұмыс кешенді жүргізіліп жатыр дейді сарапшылар.