Түркістанда сакура ағашы гүлдеді

Ясауи кесенесі аумағындағы ботаникалық бақта Жапон елінің символы саналатын сакура ағашы гүлдеді.

Ислам бағы негізінде салынған ерекше саябаққа биыл Германиядан сакураның 200 түп көшеті арнайы әкелініп, егілген болатын. Оны баптап, өсіретін компания өкілі Дмитрий Линеньконың айтуынша, сакура Түркістанның табиғатына тез жерсінеді. Себебі бұл көшеттер бұған дейін 10-15 жыл бойы, әр 3 жыл сайын әртүрлі тұқымбаққа егіліп, әбден сынақтан өткен. Сөйтіп кез келген жерге отырғызуға әбден бейімделген. Содықтан сакураны елдің барлық аймағына егуге болатынын айтады. Бірақ ерекше күтім керек. Аумағы 7 гектардан астатын ботаникалық бақта сакурадан басқа, әлемде сирек кездесетін мыңға жуық ағаш көшеті егілген. Жақын күндері мұнда мыңдаған қызғылт, күлгін, ақ түске боялған шие ағашы гүлдейді.     

Дмитрий Линенько, көшет өсіретін компания өкілі:

– Мұнда сакураның 5 түрі отырғызылған. Оның үшеуі ақ гүл ашса, қалған екеуі күлгін түсті гүл ашады. Олар әр жыл сайын сәуір, мамыр айларында екі апта бойы гүл ашып, жұпарын шашып тұрады. Гүлдері түскен соң, әдемі жасыл жапырақтары айналаға сән береді. Сакураны қазақша айтқанда «жеміс бермейтін шие» деуге де болады. Өзін жайлы сезіну үшін түбіне минералды тыңайтқыштар салып, тамшылатып суару жүйесіне қосылған.