Кәсіпкерлер: Мобильді топ мезі етті

Дәмханаға көп адам бармасын деп шектеу қояды, ал автобустарға жолаушыларды лық толтыруға рұқсат береді.

Санитарлық дәрігерлердің осындай шешімдеріне кәсіпкерлер түсінбей дал. Бизнес өкілдерін бұл орайда депутаттар да қолдап отыр.

Бұл – елордадағы боулинг орталықтың бірі. Ішінде мейрамхана да бар. Індет өршігенде жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Қазір тек «Ашық» қосымшасы арқылы ғана адамдарға қызмет көрсетеді. Табысымыз бұрынғыдай емес дейді.

Назым Уважанова, орталық директоры:

– Боулинг бертінге дейін жабық болды. Ал мейрамханаға адамдар рұқсат етілген кезде келіп тұрды. Жұмысымызды мобильді топ өкілдері жиі бақылайды. Әлі де тексереді.

Мобильді топ жұмысын реттеуді Президент те тапсырған. Бірақ бір ізге әлі түспесе керек. Кәсіпкерлер қазір бізді кім көрінген тексеріп кетті дейді. Қомақты айыппұл арқалатады. Мұның өзі жығылғанға жұдырық болып отыр. 

Шыңғыс Темір, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

– Биыл айыппұл көлемін азайтатын шығар. Әйтпесе, онсыз да табысынан айырылған кәсіпкерлер ондай ақша төлей алмайды. Одан кейін мобильді топ жұмысын ашық қылуды талап етеміз. Олардың ортақ базасы болу керек. Тексерген орындарын сол жерге тіркеп отырса дұрыс болар еді.

Өткенде Азат Перуашев пандемия кесірінен жұмысы тұралаған кәсіпкерлерге кешірім беру керек деп еді. Өсімпұлы бар кәсіпкерлер болса, оларды бұл ажырғыдан арылтайық деген. Бұлай етпесек, онсыз да құрдымға кетіп бара жатқан бизнесті жойып жібереміз деп қауіптенеді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазір бизнес қиын кезді бастан кешіп жатыр. Оларға көмек көрсету керек. Өсімпұлды кешірсе жақсы болар еді. Қазір олар несие төлей алатын жағдайда емес.

Депутаттар кейде санитарлық дәрігерлердің шешімін түсінбейміз дейді. Кафеде адамдардың топтасып отыруына тыйым салады, ал автобустар жолаушыға неге лық толады?» дегенге әлі жауап таппапты.

Дастан Сейілханұлы, Динара Әбдірова