Ақтауда тұрғындар шағын ауданды абаттандырды

Ақтаудың 26-шағын ауданында 150 тал көшеті егілді. Игі шараны коммуналдық мекеме емес, сол ықшам ауданда тұратын тұрғындар қолға алды. Жеке кәсіпкерлер бірігіп қаражат жинап шаған, боз арша секілді өңірде сирек кездесетін өсімдіктерді тапсырыспен алдыртқан. Сондай-ақ кісі көп жүретін орынға қоқыс жәшіктері қойылып, орындықтар жаңаланды.

Бауыржан есімді кәсіпкер осы шараны ұйымдастырушы азаматтың бірі. Былтыр өзі секілді іскер жігіттерді қала ішін абаттандыруға шақырады. Тал көшеттерін сатып алған соң қайда отырғызуды ойлайды. Көпшіліктің таңдауы 26-шағын аудандағы шағын баққа түскен.

Бауыржан Қилыбай, кәсіпкер:

- Жан-жақтан сұрастырып келіп, мына 26-шағын ауданның белсенді тобына жолықтық. Кезігіп қалдық. Осы жердегі белсенді азаматтармен, тұрғындармен кездесіп, ол кісілер бізге осындай саябақ бар екенін көрсетті. Сөйтіп, осы шешімге келдік.

Осылайша шағын саябақ аз уақытта құлпырып шыға келді. Мұндағы адамдар аялдайтын ағаш отырғыштар түгел жаңаланды. Жаяу жүргінші жолдары тазаланды. Тал көшеттері суарылды. Кезінде ұрланып не сынып тұрған қоқыс жәшіктері ауыстырылды. Енді іскер азаматтар 10 млн теңгеге бірнеше ойын алаңын саламыз деп отыр. 

 Данияр Сандыбаев, кәсіпкер:

- Әзірге жоспарымыз саябақ ішінде балаларға арналған екі ойын алаңын салу. Мұнан бөлек №14 орта мектеп ауласына көше спортына арналған құрал-жабдықтарды орнатқымыз келеді. Жазатайым жарақат алудан қорғайтын жабындысы бар бұл алаңдарды екі айда салып бітіреміз.

Аталған шағын ауданда бас-аяғы 42 көп қабатты үй тұр. Бастамашыл тұрғындар әр баспана сыртына жазылған реттік сандарды доидты шамдармен әсемдеуді жоспарлап қойған.

Ерген Сыражанов, қала тұрғыны:

- Алға қойған мақсаттарымыз көп. Біз осы «Үлгілі шағын аудан» қылғымыз келеді 26-шағын ауданды. Ынталы топ және осы шағын ауданның тұрғындары белсенді атсалысып жатыр. Жол жиегінде орналасқан үйлердің сандарды түнде жарық болатындай етіп істегіміз келеді. 10 күннің төңірегінде қойып бастаймыз.

Осы ықшам аудандағы барлық үйдің ауласы көше шамдарымен қамтылған. Ынталы топ былтыр әр подъездке қуатты жарық түсіретін құралдарды орнатып беріпті.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев