Түркістан облысындағы мобильді топтардың жұмысы сынға алынды

Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары мобильді топтардың жұмысын сынға алды.

Карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған топтардың жұмысында бірізділік жоқ. Белгілі бір жүйеге негізделіп, тәртіппен жұмыс істелмегендіктен нәтиже мардымсыз. Салдарынан өңірде отбасылық мереке мен той-томалаққа тоқтам болмай тұр. Қоғамдық тамақтану орындары белгіленген уақытты місе тұтпаса, базарлар мен сауда орындары санитарлық талап пен шектеулерге шекеден қарайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары мәлімдеді.

Облыстың бас санитар дәрігері кәсіпкерлерге жеңілдік жасау үшін қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын таңғы 9-дан түнгі 11-ге дейін ұзарту туралы қаулы шығарған. Алайда 75 қоғамдық тамақтану орны жұмыс режимін бұзған. Карантиндік шектеулерге қарамай шектен шыққан 1 компьютерлік клуб пен 7 тойхананың жұмысы соттың шешімімен тоқтатылды.

Асқар Искаков, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Мобильді топтардың күнделікті араланған нысандар мен анықталған кемшіліктер бойынша жалпы тиімділік көрсеткіші 2,8 - 3 проценттен аспай отыр облыс бойынша. Алгоритмге байланысты жұмыс жүргізбеуіне байланысты кейбір тойханалар тексеруден тыс қалып отыр. Айтып отырмын ғой, мобильді топтардың жұмысы қазіргі кезде өз дәрежесінде жұмыс істеп жатқан жоқ.