Жаңаөзендегі ауылда шебер аналар іс тігуден нәпақасын айырып отыр

Жаңаөзенге іргелес Рахат ауылында тұратын көп балалы аналар іс тігіп, табыс тауып отыр. Тігіншілер орталығын жергілікті меценат ашқан. Тігін машиналарын орнатып, жұмыссыз жүрген әйелдердің  тегін қолдануына мүмкіндік берген. Қазір 6 көп балалы ана осы жерде тоқыма өнімдерін тоқып жүр. Құрақ көрпелер, қыз жасауы мен ұлттық киімге тапсырыс әлеуметтік желілерден көптеп түсе бастаған.

36 жастағы Мариямсұлу 5 бала тәрбиелеп отыр. Тұрақты қызметке орналасайын десе, үй шаруасынан қолы босамайды. Өзі тұратын көше бойында тігіншілер орталығы ашылғанын құрбысынан естіген. Жастайынан оймақ-ине ұстап өскен ол тігін машинасымен жұмыс істеуді тез үйреніп алыпты. Қазір бірнеше келіншекпен бірлесе құрақ көрпелер тоқып жатыр. 

Мариямсұлу Жакашова, көп балалы ана:

- Қазір міне машинка берді, рақмет. Бұйырса, қыз жасауларын, бешпет тіккіміз келеді. Қазір құрақ көрпеше тігіп жатырмын. 10 шақты күннің ішінде бітеді деп ойлаймын. Заказ жіберілгенен кейін ақысын бөлісіп аламыз.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Тігін шеберханасының жанында демалыс бөлмесі орналасқан. Ол әзірге бос тұр. Кәсіпкер жақын күндері мұнда жұмсақ жиһаз қойылатынын айтып отыр. Мұнан соң аналар мұнда ас ішіп әлденіп, баласының жаялығын ауыстыра алады.

Ісмер аналар ұлттық киімдерді пішуден бөлек жастардың таңдауына қарай жейде, джинсы шалбарға кесте салуға да машықтанған. Ғаламтордан алынған немесе тұтынушы көрсеткен сурет қолмен және машина көмегімен киімге тоқылады.

- Бұл аппарат киімнің сыртына кесте тігуге арналған. Бұл тек бір кнопканы басу арқылы жұмыс істейді.

Нұрсәуле Еділова, тігіншілер орталығының меңгерушісі:

- Тігіншілер орталығы көп балалы отбасыны қамтамасыз етіп отырған аналарымыздың, әлеуметтік жағдайы отбасылардың өз еңбектерімен қаражат тапсын деген ниетте салынған. 15 отбасыны қабылдауға да жалпы көлемі сыйымды. Және асхана орыны бар.

Жаңаөзендік тігінші әйелдер тіккен тоқыма өнімдері жергілікті сауда орындарына түсе бастады. Кәсіпкер өзге аймақтардан тапсырыс түскен жағдайда жедел жөнелтуге көмектесетінін де айтып қуантқан.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев