Елордада сауда орталығының қызметкерлері вакцина салдырды

Елордадағы сауда орталықтарының бірінде қызметкерлерді вакциналау басталды. Шара ерікті түрде жүргізіліп жатыр.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы онда алғашқы вакциналау пунктін ашқан. Екпе салуды дәрігерлер таңсәріден бастады. Сауда орнының өкілдері кезекке тұрып, алдымен терапевттің нұсқауын алды. Сосын вакциналау бөлмесіне барып, препараттың алғашқы компонентін салғызды. Орталықта шамамен 2 мың адам жұмыс істесе, соның шамамен тек жартысы коронавируске қарсы препарат алады деп жоспарланып отыр. Жалпы қалада жаппай вакциналау дүйсенбі күні басталуы тиіс. Елорда тұрғындары осы сауда орнымен қоса тағы бірнеше мекен-жайда ашылатын медициналық пункттерде екпе салғызады.

Ғайни Пірмағамбет, орталық қызметкері:

- Басында керек емес шығар деп ойладым, вакцинадан кейін эффект болады деп. Жақындарым айтты: бәрібір салдыру керек. Ең соңында бәрі салдыртады деп ойлаймын.

Тимур Мұратов, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Әзірге 500, кейін 1000 адам салдыртады. Бұл бірінші пункт. Келесі пункт «Хан шатырда» ашылады деп жоспарлап отырмыз. Қажеттілік болса тағы ашамыз.