Маңғыстау облысында 20 жылжымалы егу бригадасы жұмыс істеп жатыр

Маңғыстау облысында екпе салу қарқынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта жаппай егу шаралары басталған. Ауыл, аудан және қалалық емдеу мекемелерінде 18 егу кабинеті ашық тұр. Сондай-ақ 20 жылжымалы егу бригадасы жұмыс істейді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бұл зауытта аммиакты селитра, яғни, егін шаруашылығына тыңайтқыш өндіріледі. Еліміз бойынша тапсырыс көп түсетін болғасын, мұндағы тірлік күндіз-түні тоқтамайды. Осы себепті ұжым жұмыс орнында екпе салдыруға ниетті барлығын басшылыққа айтқан. Жылжымалы егу бригадасы екі тәулікте 1247 адамның 107-сіне екпе салды. Емдік шара әлі де жалғасып жатыр.

Ал қала тұрғындары жергілікті емдеу мекемелеріне кезекке тұрып, Қарағанды өңірінде өндірілген «Спутник V» препаратының бірінші компонентін салдырып жатыр. Әсіресе, №1 емханада кісі қарасы қалың. Жаппай егу шаралары басталғалы бері 1200-ден астам адам екпе алған.

Анжелика Галустова, қала тұрғыны:

- Күнделікті дүкенге не дәріханаға барамыз. Ол жерде халық көп жүреді. Қандай да бір қорғаныш болуы керек. Бетперде тағудан бөлек, жеке гигиена талаптары сақтауды ұмытпаймыз. Бүгін міне, екпе алдық. Бәрі жақсы, 21 күннен соң осында тағы келемін.

Галина Кажан, қала тұрғыны:

- Балаларға сабақ беріп жүрген мұғалім болғасын ағзаға вакцина салдыру қажет деп білдім. Бұл жалпыға ортақ жауапкершілік. Біз осы арқылы мына індеттен құтыламыз.

Вирус жұқтырудың алдын алу үшін екпе салдыру қажеттігі дәрігерге де қатысты. Маңғыстау облысында 12 мыңға тарта медицина қызметкері бар. Вакцина салдырған ақ халаттылардың саны 3 мыңға жуықтайды.

Нұрбол Оқуов, Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Әрбір төртінші ақ халатты абзал жан осы вакицнаны алды. Ең бірінші кезекте инфекциялық ауруханада, сонымен қатар провизорлық стационарда жұмыс жасап жатқан, яғни, COVID-19 індетін жұқтырған науқастармен тікелей байланыстағы адамдар алған болатын. Бұл жұмыстар құқық қорғау органдары арасында жүргізілген болатын және де білім беру саласының мамандары да тартылған.

Дәрігерлер 5-10 сәуір аралығында өңір бойынша вакцина алған халық саны 7 мыңнан асқанын айтады. Олардың арасында түрлі мекеме-кәсіпорын қызметкерлерінен бөлек, журналистер де бар. 20-дан астам БАҚ өкілі үйіне немесе жұмыс орнына жақын жердегі емханадан екпе алды. Басым көпшілігі вакцинаның екінші дозасын салдырады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев