ШҚО-ның Алтай ауданындағы 12 елді мекенге тасқын қаупі төніп тұр

Шығыс Қазақстанның Новопокровка ауылында 10 тұрғын үйдің ауласын су басып, 36 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір аумақта 40-қа жуық құтқарушы мен семейлік әскери бөлімнің 19 жауынгері жұмыс істеп жатыр.

Жалпы облыста тасқын қаупі күн санап күшейіп келеді. Сондықтан жауапты сала өкілдері сақадай сай отырмыз деп сендірді. Өңірде жедел желі іске қосылған. Қатер төніп тұрған барлық аудандарда құтқарушылар тәулік бойы дайын отырады. Мәселен қазір Алтай ауданында Қарағандыдан келген көмекші топ жұмыс істеп жатыр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Еріген қар суы новопокровкалық тұрғындарды әбігерге салды. Мына фотосуреттерден соны байқауға болады. Он шақты отбасынан 36 адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Құтқарушылардың арқасында тасқынның беті қайтты.

Облыста күн ысыған сайын тасқын қаупі де артып барады. Әсіресе, 4 ауданда су көтерілу ықтималдығы аса жоғары. Олар Глубокое, Қатонқарағай, Бесқарағай және Алтай аудандары. Қазір Глубокое ауданында гидрологиялық бекеттерде су деңгейінің көтерулі байқалған. Красноярка өзенін шектік деңгейге 30 см, Глубочанка өзенінде бар болғаны 33 см ғана жетпей тұр. Алтай ауданы да сақтықты күшейтті. Өйткені бұл өлкеде қар қалың.

Алты ай қысы бар Алтайдағы көрініс осындай.Әлі мінекей, қар сіресіп жатыр, шағын ауылдар ақ мамыққа оранған күйде. Сондықтан қауіп күшеймесе, сейілген жоқ. Бұл өңірде 12 елді мекенге тасқын қаупі төніп тұр.

12 елді мекеннің бірі Малеевск ауылы. Қарағандыдан келген бір топ адам осы ауылда жүр. Осындай тағы екі ауылға еріген қар суынан қатер мол.

Тимур Дидахметов, ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

- Облыста жедел штаб құрылды. Барлығы бақылауға алынды. Ал осы Алтай ауданында 3 ауылға аса қатты көңіл бөліп отырмыз. Өйткені бұл маңда өзендер өте көп, қар да біршама қалың. Сол себепті үнемі мониторинг жасап жүрміз.

Қарағандыдан келген 25 әскеридің тағы бір тобы Алтай қаласында тасқынның алдын алу жұмыстарына белсене араласқан. Көрші облыстан келгендердің бірі – Антон Хон. Оның айтуынша, ең алдымен су деңгейі тәулік бойы қадағалануда. «Сонымен қатар ауласын қардан арши алмай отырған мұқтаж жандарға қолғабыс етіп жатырмыз», - дейді.

Антон Хон, Қарағанды облысы 52/859 әскери бөлімінің командирі:

- Бізге жүктелген ең алғашқы міндет – осы жақтағы су деңгейін назарда ұстау. Қандай да бір шектіктен асқанда дереу хабарландырамыз. Бұнымен қоса, біз осында ауласын қардан тазалай алмай немесе келген судың бетін бұра алмай отырған кембағал жандарға, көмекке зәру жұртқа қол ұшын беріп жүрміз.

Татьяна Борогушинаның айтуынша, еріген қар суы ерікке көнер емес. Бағытын қанша бұрғанмен, жан-жақтан келіп жатыр. Сондықтан ол өзіне қосымша көмек көрсетілгеніне риза.

Татьяна Борогушина, Алтай қаласының тұрғыны:

- Біздің үйге мінекей, екінші жыл қатарынан су келіп жатыр. Бұрын бұлай болмайтын еді. Ал соңғы кездері жер тоңы  терең. Су әр жақтан келіп жатыр. Өзіміздің күшіміз жетпеді. Сондықтан мына әскерилер дер кезінде келіп көмектесуде.

Жергілікті жұртты Хамир, Тұрғысын Бұқтырма өзендерінің ағысы шошытады. Қасат қардың көбесі сөгілмей жатқаны аз болғандай, жер тоңы ауданда 119 см-ге дейін жетеді. «Осы қауіпті біліп, қамды күшейтіп отырмыз», - дейді аудан басшылығы. Қазір қарғын суды қабылдау үшін мына Вторушунский каналы да аршылып әзірленді.

Қалихан Байғонысов, Алтай ауданының әкімі:

- Біздің артымызда қарап тұрсыздар, 800-900 га жер әлі қар жатыр, 50-53см қар жатыр, әлі бір жерде қарайған жер жоқ. Ол алдында жауған қармен бірге ылғалды болып тұр. Кез келген уақытта жоғары температура үлкен болып кеткенде бәрі атқып, осы жерге келеді. Қандай қауіп болатынын сезіп отырмыз.

Ауданда қазір өзен-көлдердегі мұз көбесін сөгу үшін жару жұмыстары да жиі жүргізіліп жатыр. Аймақтағы қардың еруі, су деңгейінің өзгерісі дрон арқылы да бақылануда. Сонымен қоса, әуеден тікұшақпен барлау жасалып жатыр. Жалпы алтайлықтарға осыдан 3 жыл бұрынғы тасқын сабақ болғанға ұсқайды. Ол кезде ауданда 400-ден астам үй зардап шеккен еді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов