Шымкентте 37 вакциналау пункті жасақталды

Шымкент қаласында жаппай вакциналау басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар тіркелген емханасына барып, медициналық тексеруден өтсе, екпе алуына болады. Қала бойынша екпе салатын 37 орын жасақталған. Мұнда бүгінге дейін 13 мыңнан астам адам вакцина салдырған. Олардың көпшілігі медицина қызметкерлері және полиция мен мұғалімдер. Студенттер және өз қалауымен вакцина салдырғандардың саны 800-ден асады.

Айта кетейік, Шымкент қаласы коронавирустың таралуы бойынша «сары аймақта» тұр. Соңғы бір тәулікте мұнда 72 адам вирус жұқтырған.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазір арнайы жасақталған төсек-орынның 20%-і толды. 10 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандары қарапайым палата ем қабылдауда. Бастапқыда екпе салдаруға ниеттілердің саны аз болды. Қазір қауіпті індетті жеңудің жалғыз жолы – вакцина салдыру екенін халық түсінді. Сондықтан медициналық мекемелер мен емханаларда ақпараттық жұмыс жүргізіліп жатыр. 

 

Сондай-ақ...