Алматы облысында құрылыс заттарын шығаратын екі өндіріс орны ашылады

Алматы облысы аумағында құрылыс заттарын шығаратын екі ірі өндіріс орны ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос нысанда жылу ұстағыш тасмақта және полимерлі жылу сақтағыш шығарылады. Зауыттарды 7 мемлекетте 56 кәсіпорны бар ресейлік трансұлттық корпорация салады. Құрылыс жұмыстары жайлы инвесторлар Алматы облысы әкімдігімен арнайы меморандум жасасты.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Меморандумға қол қойған инвесторлар қос зауыттың қазығын қағып, іске қосатын мемлекетті көп іздеген. Сараптай келе, таңдау Қазақстанға оның ішінде Алматы облысына түсті.

Василий Ткачев, «Технониколь» корпорациясының өкілі:

- Қазақстанда инвестициялық климат қолайлы. Тіпті мұндағы қолдау Ресей Федерациясының кейбір аймақтарынан да жақсы. Сол себепті біз осы елде оның ішінде Алматы облысында зауыт саламыз деп шештік.

Алматы қаласы мен Алматы облысында ел азаматтарының төрттен бір бөлігі тұрады. Өңірде инфрақұрылымдық жүйелері тартылған бірнеше индустриялық аймақ бар. Географиялық тұрғыда да тиімді.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

- Біз Қырғызстан және Қытаймен шекараласпыз. Біздің облыс арқылы үш транзиттік дәліз өтеді. Бірі Батыс ЕуропаБатыс Қытай. Әрі инвесторларға барлық преференциялар беріледі. Алматы облысы инвестициялық тұрғыда тартымды. Өңірде тұрғын үй салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Әрі оған сұраныс жоғары. Құрылыс көлемі де жыл сайын ұлғайып келеді.

Келісім бойынша облыстық әкімдік Талғардағы «Қайрат» индустриялық аймағынан 32 гектар жер бөледі. Өз кезегінде инвесторлар жылына 1,4 млн текше метр жылуұстағыш тасмақта шығарады. Екінші өндіріс орны полимерлі жылу сақтағыш жасайды.

Василий Ткачев, «Технониколь» корпорациясының өкілі:

- Зауыт салынатын жерлерде оқу орталығын ашамыз. Онда жылына мың шақты адамды яғни, құрылысшылар мен мердігерлерді оқытамыз. Сертификат береміз. Бүгінге 25 орталығымыз жұмыс істеп тұр. Біреуі Нұр-Сұлтанда. Таяуда Алматыдағысы ашылады.

Қос зауыттың алғашқысы 2023 жылы іске қосылады. Онда өндірілген өнімнің 25%-і Орта Азия, Қытай мен Иранға экспортталмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев