429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы саябаққа Венгрияның 30-ға жуық қызғылт мамыргүл көшеті егілді

  • 128
  • UPD: 22:35, 10.04.2021

Алматыдағы саябақтардың біріне Венгрияның 30-ға жуық қызғылт мамыргүл көшеті егілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараны ұйымдастырған елдегі Әлеуметтік маңызды бастамаларды дамыту қоры. Гүлдер Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің маңына егілді.

«Бұл бастарын қатерге тігіп, қауіпті індетпен күресіп жүрген дәрігерлерге деген алғысымыздың белгісі», - дейді экология белсенділері.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Бұл шара «Ізгі істер марафоны» және «Қазақ еліне ағаштар» жобасы аясында ұйымдастырылған болатын. Өсімдіктер қалалық тәлімбақтардан алынды. Мамандардың пайымдауынша, бұл сиреньдер тереңге тамыр жайып, мамыр айының 9-ына дейін гүлдеуі тиіс.

Анна Башинская, бағбан:

- Біз қазір саябаққа венгриялық мамыргүлдерді отырғызып жатырмыз. Бұл өсімдік біздің климатқа бейім деп айтсам болады. Өйткені бұл сиреньдер аяздан қорықпайды. Әрине, мамыргүл биікке қарай өседі. Ең бірінші кезекте басындағы әдемі гүлдері көздің жауын алады.

«Қазақ еліне ағаштар» жобасының негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті дамыту және жас ұрпақты қоршаған ортаны құрметтеуге тәрбиелеу. 750 мың теңгені құраған бұл шараға демеушілер қолдау білдірген болатын.

Дина Даниярова, Әлеуметтік маңызды бастамаларды дамыту қорының өкілі:

- Бұл мамыргүлдер қала әкімдігімен талқылау нәтижесінде таңдалған болатын. Менің ойымша, бұларды өте жақсы жерге отырғызып жатырмыз. Өйткені жақын жерде аурухана және медициналық университет бар. Қауіп-қатердің алдыңғы шебінде жүрген ақхалаттыларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Қор белсенділері көгалдандыру науқанын еліміздің өзгеде аймақтарында ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Олар мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласына барып бірнеше жерге көшеттер отырғызатын болады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы