Алматы облысында 30 мыңға жуық адам екпе алды

Алматы облысында бүгінге дейін 30 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы екпе жасатқан.

Олардың тең жартысы науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина саласының қызметкерлері болса, 8 мыңдайы мұғалім, қалғаны күштік құрылымдағылар мен мемлекеттік қызметкерлер. Вакциналау орындарына студенттер мен созылмалы ауруы бар науқастар және қала мен ауыл тұрғындары да көптеп келе бастаған. Бұл халық арасында түсіндіру жұмыстарының оң нәтиже бере бастағанын көрсетеді. Қазір облыс аумағында вакцинацияның екінші кезеңі қызу жүріп жатыр. Екпе қабылдаудан кейінгі реакциялар мен асқынулар тіркелген жоқ дейді мамандар.

Арман Жансеңгіров, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- 21670 дана «Спутник V» вакцинасы жеткізіледі. Біз оны аудандар мен қалаларға жөнелтеміз. Екпе салынған жер ауырып, дене қызуы аздап көтерілуі мүмкін. Одан қорықпау керек. Өйткені ол қалыпты физиологиялық құбылыс болып есептеледі.

Асхат Чарапиев, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Ұйымдасқан ұжымдар да келіп жатыр. Кәсіпкерлер, үлкен фирмалар, компаниялар өздері келіп, кезекке тұрып жатыр. Оларды кезең-кезеңімен екпемен қамтып жатырмыз.