429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында отандық құрылыс материалдарының өндірісі артты

  • 103
  • UPD: 09:09, 11.04.2021

Ақмола облысының Макинск қаласында минералдық мақта шығаратын зауыт бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп отыр.

Ғимараттарды жылытуға арналған материал қазір елімізден бөлек, шет елдерге де жөнелтіледі.

Аталған зауыт – солтүстік аймақтардағы осындай құрылыс материалын өндіретін жалғыз кәсіпорын. Алғашында жұмысы тұралаған өндіріс ошағы, мемлекеттің көмегімен 2019 жылы қайта іске қосылды. Бұрын өңір тұрғындары құрылысқа қажетті минералдық мақтаның импорттық түрін ғана сатып алатын болса, қазір көбі осы отандық өнімді қолданады.

Манатбек Бахтыбаев, зауыттың бас директоры:

- Қазақстанның барлық аймақтарына жіберіп жатырмыз. Үлкен құрылыс бізде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында. Жаңа вагондармен Ақтау, Атырауға да кетіп жатыр. Шет елдерден Өзбекстан, Қырғызстан. Қазір жетпей жатыр. Үлгермей жатырмыз.

Ал зауытта 170 адам еңбек етеді. Олардың барлығы дерлік – жергілікті тұрғындар. Кәсіпорын айына 2 мың тоннадан астам өнім шығарады. Жобалық қуаттылыққа жеткен кезде бұл көрсеткіш 3 мың тоннаға жуықтайды дейді мұндағылар. Макинск қаласында жақында газобетон зауыты да іске қосылады. Қазір өндіріс ошағы қалыптарын майлап, құрал-жабдықтарын сайлап отырған жайы бар. Айта кетейік, үй салуға қажетті сапалы газоблокты бұрын ақмолалықтар елордадан алдыратын. Енді бұл өнім де өзімізде өндірілетін болды.

Николай Чарочкин, зауыттың бас директоры:

- Қазіргі таңда біз 70 адамды жұмысқа алдық. Бірақ алдағы уақытта тағы 20 жұмысшы аламыз. Себебі жазда қосымша бір желі іске қосылады. Ол кезде ай сайын 5 жарым мың текше метр өнім шығарылады.

Ал бастапқыда зауыт 4 жарым мың текше метр өнім өндірмек. Бұл шамамен 100 шақты жер үй салуға жететін газоблок. Аталған кәсіпорындардан бөлек, қазір Ақмола облысында бірнеше кірпіш зауыты мен темір-бетон өнімдерін шығаратын ірі цехтар да бар. Соның себебінен өңірде салынатын ғимараттардың барлығы дерлік тек отандық өнімдерден тұрғызылып жатыр.

Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы