Жаңаөзенде арматура жасайтын қос кәсіпорын іске қосылды

Әрқайсына 20-дан астам жергілікті тұрғын қызметке алынды.

Енді құрылыс компанияларына бұрынғыдай көрші елдерге тапсырыс берудің қажеті жоқ.

Есбол Тілеумағанбетов осымен екінші апта жауапты қызметте жүр. Елден бұрын келіп, темір балқыту пешін жағып қояды. Газбен қызатын пеш температурасы 1200 градусқа жеткен соң шикізат темір салып, балқытады. 7 баланың әкесі бұрын әр жерде қара жұмысшы болғанын айтады. Енді жағдайының түзелеріне сенімді. 

Есбол Тілеумағанбетов, жұмысшы:

- 1 сәуірден бастап істеймін, оның алдында келіп тек үйрендім. Әртүрлі мамандыққа оқытты. Таңертең келем, пешті жағып дайындап қоямын. Кешкі 6-да жұмыс бітеді. Жұмыс ондай қиын емес, өзіме ұнайды. Бұйырса, енді бірінші жалақымызды аламыз.

Ал мына цех ашылғалы бері 30-жуық адам тұрақты табыс көзін тапты. Жұмыс әзірге бір ауысымды. Тағы бір пеш қойып, өндіріс көлемін ұлғайту жоспарда тұр. Өз кезегінде, тағы 25 жұмыс орны ашылады. Цех басшылығы сапасы жоғары өнім шығару қарқынын тоқтатпай, қызмет кестесін екі ауысымға көшіру үшін тәжірибелі токарь-мамандарды іздестіріп жатыр. 

Талғат Исламұлы, тілші:

– Арматура жасалатын конвейердің тетіктері уақыт өте келе тозады. Бұдан соң токарлық цехқа әкелінеді. Мұндағы маман темірдің бетін жонып, жаңадан мынадай із салады. Айтыңызшы, бұл тетік неше рет қолданысқа жарамды?

Марат Кененов, токарь:

- Жаңадан із салған сайын бұл тетіктің темірі жұқара береді. Сол себепті біз оны тек 3 кезек қолдана аламыз.

Цехты ашқан кәсіпкер ішкі нарықты зерттеп, қандай тауарларға сұраныс қажеттігін түсінгенін айтып отыр. 80 млн-дай теңге қаржы құйып, қала сыртынан өндіріс орнын көтереді.

Марат Қалиев, серіктестік басшысы:

- Сұраныс болса, жұмыс жасаймыз. Өлшемдері бөлінеді. Маркасы бар: 10-дық, 12-лік дейді. Бізден негізінен 10-12 кетеді. Сұраныс бар. Таңда бір ауысымда жұмыс жасалып жатыр. Екі ауысым жұмыс жасау жоспарда бар.

Өндіріс көлемі артса, жасалатын өнім түрлері де көбейері анық. Қос кәсіпорын ұжымы тек арматура шығарумен шектелмей, құрылыста кең қолданылатын өзге де ұсақ тетіктерді әзірлеуге дайындық үстінде.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев